МЕМЛЕКЕТТІК СТАТИСТИКА ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 24 мамырдағы Заңымен «Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген, заңды күшіне 2018 жылдың 8 маусымынан енді.
Заң жаңа 12-2-баппен толықтырылды және респонденттерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау респонденттерге бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
Респонденттерге бармай профилактикалық бақылау респонденттердің алғашқы статистикалық деректерді ұсыну графигінде көрсетілген мерзімдерде респонденттердің бастапқы статистикалық деректерді ұсынбағанын, сондай-ақ анық емес алғашқы статистикалық деректерді ұсынғанын анықтау түрінде жүзеге асырылады.
Бұзушылықтар анықталған жағдайда қорытынды ресімделеді, ол бұзушылықтар анықталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде респондентке жіберіледі.
Қорытынды респондентке қол қойғызып, жеке өзіне табыс етіледі немесе оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе ресми дереккөздерден алынған электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабармен не алғанын тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.
Респонденттің қорытындыны қабылдаудан бас тартуы одан әрі процестік әрекеттерді жасауға кедергі болып табылмайды. Қорытынды табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап екі жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
Осы ретте, қорытындыны белгіленген мерзімде орындамау уәкілетті органға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің талаптарына сәйкес әкімшілік іс жүргізуді қозғау құқығын береді.
Қызылорда облысының Статистика департаменті