ЕГІН ОРАҒЫНА ӘЗІРЛІК
Елдің несібесіне аудан диқандары биыл да күрішті бітік өсірді. Енді санаулы күндерден кейін шаруашылықтардағы егіс алқаптарына орақ түсіп, саралап ору басталады. Соған орай, диқан қауымы қарамағындағы Сыр салысының суын тартып, техникалары мен құрал-саймандарын сайлап отыр. Өйткені, маңдай термен өсірген егіннің ысырапсыз жиналуы дайындық жұмыстарына тікелей байланысты.
– Биыл көктемде күннің салқын болуына байланысты күріш те кеш көктей бастады. Бірақ, агротехникалық шаралардың орындалуы нәтижесінде аудан бойынша күріштің шығымы көңіл қуантады. Шаруашылықтарда күріш орағы тамыз айының 25-інен кейін, ал бастыру жұмысы 1 қыркүйекте басталады, – дейді Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Нұрымбетов.
Олардың берген мәліметіне сүйенсек, осы жылы 22366 гектар күріш, 401 гектар жаздық бидай, 60 гектар арпа, 2200 гектар мақсары, 4559,3 гектар жаңа жоңышқа 635,4 гектар картоп, 678,4 гектар көкөніс, 1000,6 гектар бақша дақылдары егіліп, 4418 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды. Яғни, барлығы 36314,7 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған.
Сонымен қатар, 14000 гектар күріш дақылы үстеп қоректендіріліп, 18000 гектар күріш егісі арам шөптерге қарсы гербицидтермен өңделді. «Агро Холдинг Байқоңыр» ЖШС-нан биыл ауданнан 20 шаруашылыққа 447 236 050 теңге қаржы бөлініп, 8944,7 тонна қара күріш сатып алуға келісім-шарт жасалды.
Сондай-ақ, «Агро Холдинг Байқоңыр» ЖШС ауданның 23 шаруашылығына 914 тонна күріштің I-репродукциялы тұқымын сатып, шаруашылықтардың сапалы тұқым сеуіп, тұрақты өнім алуына жағдай жасады. Биыл аудан бойынша егін жинау науқанына 234 комбайн, 103 жатка, 410 трактор, 100 жүк көлігі, 160 трактор тіркемесі, барлығы 1007 ауыл шаруашылығы техникалары қатысады.
Биылғы жылы шаруа қожалықтар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 16 дана техника, өз қаражаттарына 8 техника сатып алды. Аудан шаруашылықтарына күзгі егін жинау науқаны үшін 3150 тонна дизель отыны бөлініп, жеткізіп беруге 2 оператор белгіленді. Жеңілдікпен берілетін жанар-жағармайдың шаруашылықтарға жеткізіп беру бағасы литріне 166 теңге болып белгіленді. Қазіргі кезде шаруашылықтар операторлармен келісім-шартқа отырып, дизель отынымен қамтамасыз етілуде. Бүгінгі күні 512 тонна дизель отыны, 642 тонна автобензин, 200 тонна дизель майы жеткізіліп берілді. Қазіргі таңда аудан бойынша күріш суының сексен пайызы байланып, егін орағына дайын.
Жалағаш ауданы