ҚАЗАЛЫДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов жұмыс сапарымен Қазалы ауданында болды. Сапардың негізгі мақсаты – аудан өмірімен танысып, алдағы мезгіл мәселелеріне дайындық жұмыстарын пысықтау.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Жүсіпұлы ел игілігіне тұрғызылып жатқан құрылыс нысандарының жұмысын назарға алды. Алдымен Әйтеке би кентіндегі көпқабатты үйлердің жағдайын бақылап, Сырдария өзені бойында салынып жатқан Әлсейіт көпірі басына арнайы барды. Құрылысшылар мен олардың басшыларының талап-тілектерін тыңдап, маңызды нысандардың сапалы аяқталуын тапсырды. Сондай-ақ, тапсырыс алған мердігер компанияларға атқарған жұмыстары әркез мемлекет бақылауында болатындығын жеткізді.
Бұдан соң аудан әкімдігінде С.Сүлейменовтың төрағалығымен жиын өткізілді. Түрлі мекеме басшылары шақырылған басқосуда тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, газдандыру жұмыстарын жалғастыру, алдағы жылу маусымына дайындық, шет аймақтардағы тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету, жол қозғалысы мен әскер қатарына шақырту кезеңіндегі түйіткілді жағдайлар талқыланды. Жиынға қатысушылар аталған жайттарға байланысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары халыққа қызмет көрсету барысында бейберекетсіздік орын алмауын басты назарда ұстауды тапсырды.