ЕЛ ИГІЛІГІНЕ АЙНАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯ
Жуырда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен, «Қазсушар» РМК-ның Қызылорда филиалы бойынша күрделі жөндеуден өткен нысандарға байланысты баспасөз туры болып өтті.
Соңғы жылдары инвестициялық бағдарламалардың іске асырылу нәтижесінде тежеліп қалған жұмыстарға қайта жан бітті. Тіпті, ауыл шаруашылығын дамыту, елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету бағытында да осы бағдарлама жұмыс жасап келеді. Мұның барлығы ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың жарқын көрінісі десек те артық айтқандық емес.
– Инвестициялық бағдарлама мақсаты су шаруашылық нысандарының негізгі қорларын жаңарту және су өткізгіштік қабілетін жақсарта отырып, суды үнемді әрі тиімді пайдалану болып табылады. Кәсіпорынның активтерін жаңалау, қайта жаңғырту және күрделі жөндеу өткізу мақсатында, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі Су ресурстары комитетінің және ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бірлескен бұйрығымен «Қазсушар» РМК-ның Қызылорда филиалына 2015-2019 жылдарға инвестициялық бағдарламасы бойынша кәсіпорынның өз қаражаты есебінен барлық соммасы 217973,6 мың теңге, оның ішінде 2017 жылға 43594,5 мың теңге бекітілді.
Жалпы, инвестициялық жобалар аясында атқарылған жұмыстар көңіл қуантарлық. Бұл игілікті бастама кезең-кезеңімен өз жалғасын табады, – дейді Жалағаш ауданы Есет батыр ауылының әкімі Н.Опабеков.
Айта кетейік, 2017 жылға инвестициялық бағдарламамен 43594,5 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған еді. Осы инвестициялық жоба бойынша Ақарық ауылында «СЖМК-17А» каналына күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Әсіресе, ауыл тұрғындары каналға механикалық тазарту жұмыстары тиянақты орындалғанына дән риза.
Бұл жөніңде жауапты мамандардың айтуынша «Бекеттерін габионды қой тастармен қалап, бекіту және каналдың 2-ші бекетіндегі су өлшеу бекетін жөндеу жұмыстары орындалған. Осы бағдарлама орындалғаннан кейін су шығыны азайып, каналдың су өткізгіштік қабілеті көбейді. Елді мекенді аяқ сумен қамтамасыз етіп, көлдерді суға толтыру арқылы экологиялық ахуалды жақсарту, егістік жерлерге уақытылы әрі толық көлемде су жеткізіп беру мәселелері шешілді.
Осының нәтижесінде каналдың пайдалы әсер коэффиценті 82,9-дан 83,8 пайызға ұлғайып, өндірістік көрсеткіштер 3,6 пайызға жақсарған. Сонымен бірге, негізгі қорлардың тозуы 1,8 пайызға төмендеп, инвестиция тарту жұмыстары өз нәтижесін беріп отыр. Инвестициялық жоба елге қызмет ете беретін болады. Ең бастысы аталған каналдың тазарту нәтижесінде ауыл диқандары судан тапшылық көрген жоқ. Бітік күріш өсірген диқандар биыл мол өнім алып, жылды табысты қорытындылауды жоспарлап отыр.
Аталған канал қазылып жөнделген соң ауыл диқандары аяқ судан тапшылық көрмей бітік күріш өсірді. Бұл күндері қарамағындағы Сыр салысының суын тартып, ораққа дайындап жатқан олар биыл да мол өнім алуды жоспарлап отыр.
Жалағаш ауданы