КӨШУГЕ НИЕТ БОЛСА, БАСПАНА ДАЙЫН
Биылғы жыл басынан бері солтүстік өңірлерден келген делегация мүшелері Жалағаш ауданы тұрғындарымен бірнеше рет кездесу өткізді. Тіпті, шалғай ауылдарды да аралап, табиғаты көркем өңірге көшудің тиімді тұстарын жеткізді.
Мамандар Қостанай, Павлодар өңірлері мен Солтүстік және Шығыс Қазақстан облысындағы әртүрлі сала бойынша бос жұмыс орындарын ұсынып, ол жақтың тыныс тіршілігімен таныстырған еді. Сондай-ақ, ол жерге қоныс аударған отбасылар жұмысқа орналасып, тұрғын үйге де қол жеткізе алатындықтарын баспасөз беттеріне жиі жарияланып отыр.
Солтүстікке барған отбасылар қалаған кәсіптерін ашуға да мүмкіндік бар. Бұған дейін қоныс аударып, сол жақта тіршілік етіп жатқан жерлестеріміздің мектеп жасына дейінгі баласы балабақшаға, мектеп жасындағылар сол өңірлердегі мектептерге орналастырылып, жергілікті денсаулық сақтау және білім мекемелерінің есебіне алынған.
Ашығын айтқанда теріскейдегі өңірлердің табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Орман алқабы мен өзен-көлдері көпті тамсандырады. Кәсіп ашып, мал ұстаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Бұл үшін шағын несие көлемі 18 млн теңгеге дейін беріледі екен.
Бір сөзбен айтқанда мемлекет қолдауының арқасында елге ел қосылды. Оңтүстік жұрты солтүстік өңірлердің жұмыс күшін толықтырды. Ауылдан барған ағайын алдымен ауыл шаруашылығы саласына араласты. Егін екті, мал бақты. Қорасы қойға, қамбасы дәнге толды.
Айта кетейік, бұл бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан көшуге және тұрғын үйді жалға алуға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын өтеуге қаржылай көмек беріледі.
Мұндай мол мүмкіндікті құр жібергісі келмейтін жергілікті тұрғындар биыл да көш ізін жалғауға ниетті. Бұған дейін жалағаштық 4 отбасы Солтүстік өңірге қоныс аударған болатын. Қазір бұл отбасы мүшелері тұрақты жұмысқа орналасып, табиғаты көркем өңірде тұрғын үйге қол жеткізді.