КӘСІПКЕРЛІККЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ ЗОР
Бүгінгі таңда Сыр өңірінде өрісі кеңіп, даму қарқыны қарыштаған салалардың бірі – кәсіпкерлік болып тұр. Көкжиегі кеңіп келе жатқан салаға жасалып жатқан қолдауларды да көпшілік сезініп келеді.
Соның ішінде Қызылорда облысы бойынша кәсіпкерлерге ерекше қолдау білдіруде. Айта кетерлік жайт, жыл басында облыс басшысы биылғы 2018 жылды «Жаппай кәсіпкерлікті жаппай қолдау жылы» деп жариялады. Бұл салаға миллиардтап қаржы бөлінеді деген сөз.
Енді міне, сол «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау» жылының мерзімін ұзартып, оған 2018-2020 жылдарды арнап отыр. Бұл өз кезегінде елдегі кәсіппен айналысушы және айналысуға ниетті азаматтарға таптырмас мүмкіндік деуге болады.
Бүгінгі уақытта еңбек еткен жанға қай саланың болмасын табысы зор, берер мүмкіндігі мол. Әсіресе, кәсіпкерлік саласына жасалған қолдаулар көптеген жанның ертеңіне жол ашты, арманын ақиқатқа айналдырды. Мәселен, осыдан 2-3 жыл бұрын монша ашу ісі қамыстыбастық Күләштың жоспарына кірмеген-ді. Ал, бүгінде бәрі басқаша. Кейіпкеріміз Күләш Бекетованың бүгінде өзінің кәсібінен басқада шаруасы жоқ. Себебі, жатса да, тұрса да кеше бастаған ісінің берекесін беруді Алладан сұрайды. Және мүмкіндікті пайдаланып, осы іске бел шеше кіріскеніне қуанады.
Нақтылай түсер болсақ, Қамыстыбас елді мекенінің тұрғыны К.Бекетова өткен жылы «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы төмен пайызбен (6%) монша салу жобасына 5 млн теңге несие алған болатын. Бүгінде жұмысын жүргізіп келеді. Сондай-ақ, ауылдың 2 адамын жұмыспен қамтуда. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалы арқылы «Бастау-Бизнес» курсын оқып, өзінің мақсатына қол жеткізген қамыстыбастық кәсіпкер бүгінде жұмысын жүйелі түрде жолға қойып, кәсібін дөңгелетіп келеді. Округ орталығынан салынған монша қазіргі таңда халықтың сұранысына сай жұмыс жасауда.
– Мен өзім сонау 2007 жылдан бастап осы салада азын-аулақ жұмыстар жасап келе жатқан жанмын. Ол кездерде қазіргідей қолдау жоқ. Не жасасақ та өз күшімізге сендік. Тауар саттық, Тіпті, Қамбаш көлі жағасына қараша үй тігіп, демалуға келгендерге алғашқы болып қызмет көрсеттік.
Осылайша, жанбағыс үшін түрлі істер атқарып, ел қатарлы өмір сүрдік. Енді міне, бүгінгі жағдайды өзіңіз көріп отырсыз. Мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға өте ризамын.
Соның арқасында тек өзімді емес, өзгені де жұмыспен қамтып отырмын. Бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасар отбасылық кәсіптің алғашқы бастамасы деп ойлаймын. Жалпы, осындай ойларымды жүзеге асыруға жәрдемдескен қазіргі қолдауға разымын. Және осы мүмкіндіктерге қол жеткізуіме жәрдемдескен барша азаматтарға алғысымды білдіремін, – дейді К.Бекетова.
Иә, мемлекеттік қолдаудың шерепетін көріп, қомақты қаржының арқасында қалаған кәсібін кедергісіз бастап жатқан өзге де кәсіпкерлер бүгінде тиісті жұмыстарын жандандыру үстінде. Олар да мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға ризашылықтарын білдіреді.
А.БИСЕНОВ,
Арал ауданы