МӘДЕНИЕТ НЫСАНДАРЫ АШЫЛДЫ
Қызылорда облысында биылғы жылы типтік жобаға сай облыстық мемлекеттік архив ғимараты, Шиелі ауданындағы Еңбекші, Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылдық клубтарының құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлімдеді.
Оның айтуынша аймақта ағымдағы жылдың алты айында 1 халықаралық, 4 республикалық, 17 облыстық конкурс-фестивальдер ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сыр бойының дәулескер күйшілері Әлшекей Бектібайұлының, Құрақтың Досжаны және Шалмырза бабаларымыздың күй өнеріндегі қолтаңбасын ұрпақ санасына сіңіру мақсатында «Бабалар аманаты» атты күйшілер концерті мен «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің «Рухани әуен әлемі» және Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің «Ұлтымның шайыр дастаны» атты концерттері ұйымдастырылды.
- Сыр бойы өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру, насихаттау бағытында 4-11 наурыз аралығында филармонияның өнер ұжымы Ресей Федерациясының Орынбор қаласы мен аудандарында бірқатар концерттер берсе, 5-9 сәуір аралығында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен Наурыз мерекесінде өнер көрсетті. Сондай-ақ, жақында ғана Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымы Шотландияның Эдинбург қаласында (Шотландия) өткен «Фриндж» халықаралық фестиваліне қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклімен қатысты, - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Аталған фестиваль әлем бойынша театр өнеріндегі ең ірі шара болып табылады. Биылғы фестивальде әлемнің 50 елінен қатысқан театр ұжымдары өз қойылымдарын ұсынды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында республика бойынша алғаш рет Сыр өңірінде «Тарихшылар мен өлкетанушылардың» облыстық форумы өткізіліп, облыстық музейде жас өлкетанушылар бірлестігі құрылды және «Қасиетті Қазақстан және Археология» залы ашылды.
Өңірімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, облыс көлеміндегі 12 ескерткіш 2017 жылдың нәтижесімен жарыққа шыққан «Жалпыұлттық қасиетті нысандар», 35 нысан «Өңірлік қасиетті нысандар» кітаптарына енгізілді.
Ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Қышқала, Сортөбе Бәбіш мола, қалашықтарына археологиялық зерттеулер жүргізілуде. Бүгінгі күні Сығанақ қалашығының аумағы толықтай қоршалды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Сығанақ қалашығының солтүстік-шығыс қақпасын және орталық көшесін қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатыр.