ЖАЛАҒАШТЫҚ КӘСІПКЕРДІҢ ЖОСПАРЫ
Жалағаш ауданы М.Шәменов ауылында туып-өскен Бердәлі Нұрымбетов жақында мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отыр. Өйткені, қазіргі күні кәсіп жасаймын деген жанға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Мұнда негізінен ет бағытындағы ірі қара малдары бағылып, оларға күтім жасалады. «Сиырдың сүті – тілінде».
Ол мал бағудың жайын біледі. Қарауындағы малына уақытымен жем-шөбін беріп, соғымға дайындайтын кәсіпкер мал бордақылап, мемлекетке ет тапсыру жоспарының орындалуына өз үлесін қосты. Бұдан кейін біраз жыл егін шаруашылығында еңбек етті. Қолына кетпен алып, диқаншылық кәсіпті жалғастырды. Жер анамен сырласып, дән септі, Сыр салысын күтіп баптады. Жыл сайын әр гектардан мол өнім алып, ауыл абыройын асқақтатты.
Иә, қазіргі таңда кез келген адамға екі қолға бір күрек табылады. Оның үстіне мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алып, кәсіппен айналысуға мүмкіндік мол. Тек ынта-ықылас пен нақты қарекет керек. «Қарекет түбі – берекет».
Аудан орталығы Жалағаш кентіне қоныс аударған Бердәлі Нұрымбетов биыл көктемде кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысын бастады. «Жібек» базарынан ет сататын дүңгіршек ашты. Қазір қорасына мал ұстап, бордақылап отыр. «Мал баққанға бітеді» дейді дана қазақ. Сатқан еті сапалы әрі бағасы да қолжетімді. Ет сататын кәсіпкердің қызметіне аудан халқы дән риза.
– Мал қораны қайта салып, кеңейтіп, бордақылау алаңын ашу ойымда бар. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдікпен несие аламын. Сөйтіп, кәсібімнің көкжиегін кеңейту бағытында жұмыс жасамақпын, – дейді кәсіпкер.
С.БЕРТАЕВ,
Жалағаш ауданы