ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛ ЖОҒАРЫ
Қызылордада ағымдағы жылдың 6 айында 9031 нәресте дүниеге келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда (8901) 130 балаға көбейді. Туу көрсеткіші мың адамға шаққанда былтырғы жылмен салыстырғанда бір деңгейде – 12,1. Ал сәбилер өлімі көрсеткіші 5,7%-ға төмендеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде жарты жылдықтың қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлімдеді.
Ана мен бала денсаулығын қорғау – саланың басым бағыттарының бірі. Сондықтан да бұл бағытта қандайда бір жаңашыл бастамаларға, соның ішінде ана мен бала денсаулығын нығайтуда әлемдік тәжірибелерді алмасуға бар күш жігерімізді салу қажет.
Республика көлемінде алғашқылардың бірі ретінде облысымыз Халықаралық ұйымдармен (ДДСҰ; ЮНИСЕФ) бірлесіп, 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға күтім жасау бойынша жаңа «Бала кездегі аурулардың интеграциялық бақылау» жобасын енгізді. Жоба аясында барлық БМСК ұйымдарында дені сау бала кабинеттері ашылып, 5 жасқа дейінгі балаларға патронаждық профилактикалық тексеру жүргізілді.
Жалпы, облыс бойынша перзентханалар мен босануға көмекші мекемелердің медициналық құрал жабдықтармен қамтылу деңгейі республика бойынша алдыңғы қатарда. Үшінші деңгейлі облыстық перинаталдық орталықтың жабдықталуы 91,1% құрап, республикадағы алдыңғы үштікке еніп отыр.
Аймақта ДДС ұйымының европалық стандартарға сәйкес келетін «Дені сау аймақ» жобасын қолға алынды. Мұндай жобаны бірінші рет біздің облыс қолға алып отыр. Облыс әкімінің қолдауымен «2018-2021 жылдарға арналған «Салауатты өмір салтын қалыптастыру және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу жөніндегі іс-шаралар» жоспары бекітілді.
Онкологиялық қырағылықты артыру мақсатында биыл онкологиялық орталықтың 9 дәрігері: Ресей Федерациясы, Түркия, Швеция және Оңтүстік Корея мемлекеттерінде біліктілігін арттырып, сол елдердің клиникаларында жұмыс жасады.
Сондай шет елдік тәжірибенің бірі – Корея медицинасының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, онкопатологияға күмәнді науқастарда диагноздарын нақтылау мақсатында 4 төсек орынға арналған «Диагностикалық палата» ашылды.
Кешенді атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өлім жітім 11,6% төмендеп, 65,2 құрады.
Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Байқоңыр қаласындағы облыстық медицина орталығының филиалында емхана ашылды.
Қазір 18 мыңнан астам қазақстандық азаматтар тіркелді. Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы Үкіметаралық келісім ратификациясынан кейін 15 мыңға жуық қазақстандықтар тіркеледі деп күтілуде. Бұл Байқоңыр қаласындағы барлық тұрғынның медициналық көмекке қолжетімділігі артады деген сөз.