ҚАРМАҚШЫДА ЖАСАЛҒАН ПЕСКОБЛОК
Біреу білсе, біреу білмес, Қармақшы ауданында құрылыс материалдарының бірі – пескоблок қышын өндіретін зауыт бар. Бәсекелестік артқан заманда қатарынан қалмай, ортасынан оза шыққан кәсіпкер Қайрат Жұмалиев шағын зауытты ашып, оның жұмысын жүргізуге бар күшін салды.
Қайраттың жарғақ құлағы жастыққа тимей тынымсыз жүгірген еңбегі босқа кеткен жоқ. Қазіргі күні түрлі тапсырыстар қабылдап, өз кәсібін дөңгелетуде. Бұл мақтауға да, мақтануға да тұрарлық жайт.
Құрылыс салу ісі қарқын алған мына заманда пескоблок қышын таныстыру артықтау шығар. Дегенмен, алдымен пескоблок дегеніміз не, қысқаша тоқталып кетсек. Пескоблок – цемент, құм және карьер қиыршық тасын араластырып жасалынатын құрылыс материалы. Ол от пен суға төзімді, жарамдылық мерзімі – 60-70 жылға дейін. Бұған қоса ол жылуды бойында ұстайтын құрылыс материалы.
Жосалы кентіндегі бұрынғы механикалық зауыт алаңында орналасқан өндіріс орнына арнайылап ат басын бұрғанбыз. Есіктен кіре бергеніміз сол еді, ат шаптырым жердегі қайнаған қызу тірліктің ортасына түстік. Біреудің біреуге қарауға уақыты жоқ. Бірі су тасып, бірі қоспаны араластырып, енді бірі құйманы қалыпқа құйып жатыр екен. Тіпті, біздің кіріп келгенімізді де аңғармады. Бізді осы зауыттың аға шебері Данияр Жұмалиев қарсы алды.
– Бұл ғимаратты жалға алып отырмыз. Осы кәсіпті ағам екеуміз өзіміздің азғантай қаржымызбен бастадық. Әрине, баста қиыншылық болғаны рас. Қазір бәріне ептеп үйрендік. Зауытта 5 жұмысшы бар. Барлығы дерлік нағыз мамандар. Әзірге, пескоблоктың 20х40см көлемін өндіреміз. Биіктігі – 20 см. Арнайы қалып бар. Өнімнің бағасы - 150 теңгеден. Әр ауданнан, ауылдардан тапсырыс қабылдаймыз. Осылайша, кент тұрғындарын осы өніммен қамтамасыз етіп отырмыз. Шүкір тапсырыстар жетерлік. Әсіресе, Байқоңыр мен Қазалы аудандарынан тапсырыс көп түседі. Тапсырыстың 70 пайызы Байқоңыр қаласынан десем де болады. Өзіміздің жеке «Камаз» көлігіміз де бар. Сонымен жеткізіп береміз. Біздегі техниканың бәрі Ресейден әкелінген, - дейді кәсіпкер.
Зауыт жұмысшылары жаздың ыстығына шыдап, күндіз-түні тынбай еткен еселі еңбектің арқасында көптің көңілінен шығуда. Аға шебердің айтуы бойынша, осы уақыт аралығында тұтынушылар тарапынан еш шағым түспеген. Бұл да бір еңбектің еленгені.
– Негізінен бұл пескоблокты үй, гараж, сарай салуға пайдаланады. Ракушка мен кірпішке қарағанда жылы. Кез келген жағдайға төзімді. Ендігі жоспарымыз – брусчатка шығару. Оған қажетті құрал жабдықты да сатып алып қойдық. Жақын арада бұл жұмысты да бастайын деп отырмыз. Тағы да қатарымызға бес жұмысшы қосқымыз келіп отыр,- дейді шебер.
Зауыттағы жұмысшылар да басшысының адалдығы мен әділдігіне дән риза. Маңдай термен, толассыз еңбектің арқасында келген нан қашанда тәтті.
Аман Жалғасбаев, аудан тұрғыны:
– Бұл зауыттың жұмыс істеп келе жатқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Сонда да сапалы өнім шығарып жатыр. Қазір құрылыстың уақыты екені белгілі, мен де сарай салайын деп пескоблокка тапсырыс беріп, алдырғанмын. Өздері жеткізіп береді, көлік жалдап әуре болмайсың. Ауданымызда осындай материал шығаратын зауыттар көп болғаны жақсы.
Тапсырыс берушінің қалауын орындап, әрбір тұтынушының ұсыныс-талабын ескеру – үлкен шеберлікті қажет етеді. Бірлігі жарасқан ортада қашанда берекелі дүние шығары айтпаса да айқын.
Қалың жұрт игілігі үшін қызмет етіп жүрген осындай іскер азаматтарға тек еңбегінің жемісін көру жазсын дейміз.
А.АБАЙҚЫЗЫ,
Қармақшы ауданы