«ТҰРМАҒАМБЕТТІКТЕРДІҢ» ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІКТЕРІ
Ерте көктемде егіс жаласына шыққан қармақшылық диқандардың қарымы жақсы. Биылғы егін егу маусымында олар 13 850 мың гектар егістік алапқа Сыр салысын орналастырыпты. Аталған ауданның диқан-механизаторлары бүгінде сонау ерте көктемнен күтіп-баптауды қолға алған күріш дақылын суға бастырып, алдағы жинау маусымына қызу дайындауда.
Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметі сүйенсек, өңір диқандары қазірде негізгі дақыл - күріштен өзге 210 гектар жерге еккен бидайды орып болса, 1700 гектарға орналастырған мақсарыны да жақын арада жинап алмақшы. Сонымен қатар, таяу күндері 6500 гектар ескі және жаңа жоңышқаның үшінші орымын бастайды.
Міне, аудандағы «Жаңажол», «Достық Жер МК», «Ақтөбе и К», «Ораз ахун» және «Тұрмағамбет» сынды ірі серіктестіктермен бірге, «Ақниет», «Оңталап», «Дөйт»,«Әсіл», «Болашақ», «Шабан ата», «Шахзада», «Ақжар» және басқа да шағын шаруашылық құрылымдары өздеріне бекітілген күріш және басқа да ауылшаруашылығы дақылдарын күтіп-баптап, алдағы егін жинау науқанына дайындалуда.
Егінжай ерлерінің алдағы маусымға дайындықтарымен танысуда аудандық мәслихат депутаты, білікті сала маманы Нұржан Пірмантаевтың басқаруындағы «Тұрмағамбет» ЖШС-нің егіс алқабынан бастауды жөн санадық. Өйткені, Т.Ізтілеуов атындағы ауылдағы ағайын жыл сайын 2,500 мың гектар жерге сыр маржанын егіп, жақсы өнім жинап алып жүр.
Міне, жол сілтеушінің көмегімен шаруашылықтың Абай Жәкеев басқаратын 4 егіс бригадасына да келіп жеттік. Егістік басы ығы-жығы толған адам. «Бұл жерде не болып жатыр?» деген сұрағанымызға жол басшымыз:
– Бүгін таңертеңмен ауыл болып, мына жайқала өскен күріш атыздарында қылтыйып өсіп тұрған қызыл күрішті орудамыз. Биыл қызыл күріш көп өсіп кетті, оны піспей тұрып орып тастамасаң, ертең тұқымы жерге түсіп, алдағы жылы ол бұдан да көп өсіп кетеді. Күрішке зиянын тигізеді. Мектеп оқушылары мен студенттер және шаруашылық жұмысшылары жұмылып, қызы күрішті орудамыз. Тіпті, оқушылар мен студенттер еткен еңбектеріне қарай еңбекақы алады,- деп түсіндірді ол.
Егістің басына келгенімізде, бізді күтіп алған іргелі шаруашылық басшысы Нұржан Айдарбекұлы іс-шараның мән-жайына қанықтырған соң, шаруашылық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгіме өрбіттік.
– Биыл «Тұрмағамбет» серіктестігі бойынша 2700 гектар егістік алқапқа Сыр маржаны орналастырылды. Сонымен қатар, 949 гектарға ескі, ал 315 гектарға жаңа жоңышқа егіліп, бүгінде оның екінші орымын орып болдық. Осы айдың аяғында үшінші орымға түсеміз. Ал, 150 гектарға егілген мақсары мен 5 гектарға орналастырылған бақша дақылдары мен көкөніс және картопты күтіп баптаудамыз.
Сондай-ақ, диқаншы қауым үшін ең негізгі жұмыс ол сонау көктемнен Жер-Ана төсіне тіккен әрбір күріш дақылын балаша баптап-өсіріп, ендігі жерде оның ризығын көру екені рас. Бұл жұмыстардың да нәтижесін көрер күн де алыс емес. Егін жинау науқанына 7 комбайн, 7 жатка, 14 тасымал көлігі тіркемесімен және 250-ге жуық егінші күзгі жиым-терімге қатысады деп күтілуде.
Шаруашылықта өткен жылы өздеріне бекітілген міндеттемелерді асыра орындаған Сәлімгерей Қалтаев, Болат Дәулетбаев, Ақылбек Құлбарақов, Нұржан Ертаев, Әлжан Қамбаров сияқты озаттар биыл да әріптестеріне үлгі көрсетіп, алдыңғы қатарда боламыз деп уәделерін беруде. Әрине, жастар да аға буын өкілдерінен қалыс қалмауда аянбай тер төгуде, – дейді шаруашылық басшысы.
Иә, «Балапанды күзде санайды» дегендей, күзгі жиым-терім науқаны да таяп қалды. Егінші қауымның да көңілі көтеріңкі. Диқан-механизаторлармен де егін жинау маусымына дайындық туралы тілдесуге мүмкіндік болды.
– Биыл мен басқаратын №4 егіс бригадасында еңбек ететін 36 диқан-механизатор өздері күтіп-баптап отырған 4795 гектар егістік күріштің шығымына дән риза. Бригада диқандары өткен жылы әр гектардан 50 центнердің үстінде өнім алса, биыл сол көрсеткішті 60-тан асыруды межелеп отыр. Алла қаласа алдағы жиым-терімде үлкен нәтижеге қол жеткіземіз деген үмітіміз бар. Оған Серік Смағұлов, Базар Бектасов, Сәбит Ертаев, Талғат Сыдықов, Яхия Мәмбетов сынды бригада озартарымен бірге өзге де егіншілер атсалысады деген ойдамын, – дейді бригада басшысы Абай Жәкеев.
Айтпақшы, біз «Тұрмағамбет» ЖШС қарасты егістік басына келгенімізде Шәмшат Төлепова атындағы қармақшы аудандық мәдениет үйінің директоры Ерлан Құлмырзаев бастаған көркемөнерпаздар егінжай ерлеріне арнап концерт қоюға келіпті. Ал, диқаншы қауым болса өнерпаздарды қоршай отырып алыпты.
Міне, егіншілер алдына ду қол шапалақпен биыл аудан жұртшылығына өздерінің әсем ән-жырларын ұсынып, құрметке бөленіп жүргеніне 5 жыл толған, құрамында түрлі халықаралық, республикалық өнер байқауларында жеңімпаз атанған Тоғжан Бақытова, Зарина Ибрагимова, Бибімариям Серік сынды жас талант иелерінен құралған «Муза» триосы шықты.
«Муза» триосының көркемдік жетекшісі Ақмарал Кішкентаеванының жүргізуімен өткен концертік бағдарламада өздерінің әсем әндерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жас өнерпаздармен бірге есімдері аймағымызға танымал Айна Оңалбаева, Ғалымжан Шәкизада сынды талант иелерінің өнеріне егіншілер қол соғып, құрмет көрсетті.
– Биыл «Муза» триосына 5 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында аталмыш өнер ұжымы көптеген халықаралық, республикалық ән-жыр байқауларында бақ сынып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Киелі Қармақшы өңірінде ата-бабадан мирастыққа жалғасып келе жатқан әншілік-жыршылық өнердің дамуына үлес қосып келе жатқан майталман мамандардың қатарын толықтырды. Міне, бүгін олар Тұрмағамбет ауылына келіп, егінжай ерлеріне концерт беруде. Бізге осындай қабылдау ұйымдастырып, халық алдына шығуымызға қолдау көрсеткен халық қалаулысы, шаруашылық төрағасы Нұржан Пірмантаевқа айтар алғысымыз шексіз, – дейді «Музаның» көркемдік жетекшісі Ақмарал Бақбергенқызы.
– «Ән көңілдің ажары» демекші, бүгін біз біраз ән-жыр тыңдап, көңіліміз көтеріліп қалды. Бұрындары елімізде Кеңестер Одағы өкіметі дәуірлеп тұрған жылдарда аудан орталығынан, құрамында әнші-бишілері мен кино және кітапханашылары бар мәдени-үгіт бригадасы келіп, егіншілер мен малшыларға мәдени қызмет көрсететін-ді. Міне, бүгін сол ұмыт болған үрдісіміз де қайта ортамызға оралуда, осындай тағылымды іс-шараны ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз, – дейді егін майталманы Сәлімгерей Қалтаев.
Иә, «Ән болса, нан да болады» деп сонау Кеңестік дәуірде егіншілер қауымы айтқандай, бүгінде дала майданының сарбазы атанған тәуелсіз еліміздің диқаншы қауымы үшін ала жаздайғы баптап өсірген егінін алдағы келе жатқан жиым-терім маусымында төкпей-шашпай жинап алу басты міндет.
Диқаншы қауым қашанда ән мен еңбектің егіз екенін жақсы біледі.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
Қармақшы ауданы.