ДЕПУТАТТАР ЕЛ ІШІНДЕ
«Қадамдап алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тартуымыз керек». Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осылай делінген.
Осы тұста қазақ қоғамы қандай мәдениетті қалыптастырып, қандай қылықтан арылу керек? Отыз елдің қатарына ену үшін қандай бастама қажет? Мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне не қауіпті? Жаңақорған ауданы тұрғындарын алаңдатқан қандай мәселе? Осы сауалдарға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бақтиярұлының қатысуымен өткен аудан активінің жиналысында жауап алдық.
Жаңақорған аудан әкімі Ғалым Әміреев модераторлық еткен жиынға ауыл әкімдері, сала басшылары, мәслихат депутаттары және ҮЕҰ мүшелері қатысып, орамды ойларын ортаға салды. Жиында сөз алған сенатор Мұрат Бақтиярұлы ең алдымен қазақ елі үшін күрделі мәселелер төңірегінде сөз қозғады.
– Ең алдымен мемлекет үшін күрделі мәселе – жұмыссыздық. Себебі елде жұмыссыздықпен күресу жүйелі түрде жүріп келеді. Десе де, неге нәтиже жоқ? Міне, мемлекет саясатында ең үлкен мәселе осы. Екіншіден, биылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі уақытынан ерте қабылданды деп санаймын. Оған халықтың тұрмыс-тіршілігі қолайлы емес, – деген сенатор халық назарын жаңа жүйенің кемшін тұсына бұрды.
Сенатордың ойынша, халықтың 60 пайызы ғана жаңа жүйені қабылдауға қауқарлы көрінеді. Жыл он екі ай табыс тауып, үздіксіз жарна құятындар 10 пайыз ғана, қалған маусымдық табыс табушылардың күні не болмақ? Осы мәселені халық қалаулысы биік мінбелерде жиі қозғап жүргенін жеткізді. Сондай- ақ, Мұрат Бақтиярұлы кәсіпкерлік мақсатта білім алушылардың мемлекет қазынасына едәуір салмақ салып, нәтиже бермей отырғанын сынады. «Онсызда жұмыссыз болып жүргендерді қайта оқытып, қаржы жұмсағанымызбен, жұмыссыздар саны толастамайды» деген пікірін жеткізді.
Бірнеше күрделі мәселелерді тізбектеген депутат Ішкі істер министрлігінің жұмысындағы кемшін тұстарды сөз етті. Кеңес үкіметінде 90-95 пайыз ашылатын ұрлық түрлері бүгінде 20-25 пайыз ғана орындалып жатады. Полиция саны бойынша әлем елдері арасында ондыққа кіретін ел үшін бұл сын емес пе? Кәсіпкерлерді Елбасының өзі қолдап тұрғанда тексеру неге тиылмайды? Доллар көтерілсе, азық-түлік неге қымбаттайды? Су қоры жеткілікті болса да, ауыз суға неге жарымаймыз? Осындай күрделі мәселелерді қамтыған сенатор жиынғақатысушыларды ойын ашық айтуға жігерлендірді.
«Ынтымақ» ЖШС-нің төрағасы Рақымбаба Құтыбаев:
– Биыл қысқы жем-шөптен таршылық туындайды. Себебі, жаздың аптап ыстығынан жайқалып өскен шабындық күйіп кетті. Тау баурайында да оттық өртенді. Мал басын өрістетіп отырған шаруаларға қыстан аман шығуы үшін мемлекеттен қолдау қажет, – деді.
Мұнан әрі жергілікті кәсіпкер Талғат Мамуов өзбек мигрантын кәсіпкерлік мақсатта пайдалану мәселесін алға тартса, «Тұртан Ата» шаруақожалығы төрағасы Алшынбай Тұртанов жер асты суының құрамының өзгеруін зерттеу мәселесін көтерді.
Басқосуда ҚР Парламенті Сенатына Қызылорда облысынан сайланған депутат Бекмырза Еламанов елдің талап-тілегі аяқсыз қалмайтынына сендірді.