ШИЕЛІДЕГІ ӨРЕЛІ ІСТЕР
Елбасы Н.Назарбаев Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға бағытталған қаражаттың әрбір тиыны тиісті жеріне жетуі қажеттігін, бұл бағытта қоғамдық бақылау дұрыс жүргізілуі керектігін қатаң тапсырған болатын.
«Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Бақытжан Жұмағұлов тағайындалғаны мәлім.
Аталған Кеңестің басты міндеті – әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстау. Сондай-ақ, бағдарламаның орындалу барысы туралы халыққа ақпарат беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру. Одан бөлек, Елбасы бастамаларын жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтап, тиісті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын ұсыну болды.
Ал, осынау жауапкершілікті ала отырып «...Бізге жүктелген мақсат-міндеттер айқын әрі анық. Ең бастысы міндетіміз – бастамаларды тиімді жүзеге асыру үшін партияның және қоғамның белсенді күштерін жұмылдырып, мемлекеттік органдарға жан-жақты көмек көрсету. Сондықтан, қоғамдық кеңеске ауқымды міндеттер жүктеліп отыр», - деген болатын Б.Жұмағұлов өз сөзінде.
Міндеттердің үдесінен шығуды жоспарына нық қойған кеңес төрағасы бастаған топ Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келгені белгілі. Нақтырақ айтқанда, 4 тамыз күні Алаштың анасы атанған Сыр бойына ат басын тіреген делегация аймақтағы әлеуметтік және өнеркәсіптік объектілердің жұмысымен танысты.
Облыс экономикасында өндірістік аймақ ретінде ерекше орны бар Шиелі ауданы да қоғамдық кеңестің назарынан тыс қалмады. Делегация мүшелерін Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлы күтіп алды. Сонымен, республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Парламент мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков жұмыс сапары аясында Президенттің бес әлеуметтік бастамасының орындалу барысымен танысты.
Мәртебелі меймандар алдымен Шиелі ауданындағы «Ару ана» шұбат цехының жұмысын назарға алып, «Шиелі төрт түлігі» кооператив ұжымымен (төрағасы С.Ермаханов) кездесті.
«Талаптан» ауылдық округіндегі түйе шаруашылығымен айналысатын аталған кооператив мүшесі Ғ.Төлегенов әлеуметтік бес бастама аясында шаруаларға жасалып жатқан жағдай мен жеңілдетілген несие жайындағы өз ойын ортаға салып, лебізін жеткізді.
Б.Жұмағұлов бастаған делегация мүшелері шұбаттан дайындалатын балмұздақты көріп, сиыр сүтінен дайындалып жатқан қатықты, осы өнімдерді құятын құтыны өндіретін орындардың жұмысына қанығып, жұмысына жоғары баға берді.
Айта кету керек, «ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «Шиелі төрт түлігі» кооперативі құрылып, сүтті өндіру және өңдеу мақсатында «Ару ана» шұбат цехы жұмыс жасауда.
Мысалы, аудан орталығындағы индустриялық аймақта орналасқан «Ару ана» шұбат цехы тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт және балмұздақ өнімдерін нарыққа шығарып келеді.
Кооперативтің 21 мүшесі 2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 64,5 млн. теңге несие алып, 2017 жылдың қазан-қараша айларында 258 бас сүт бағытындағы мүйізді ірі қара мал сатып алды.
Өндірісі өркендеп, агросаласының адымы арынды аудандағы ел үшін маңызды бес бастама аясындағы атқарылып жатқан жұмыстары осылайша сараланды.