ӨРІСІН КЕҢЕЙТЕТІНДЕР ЖОЛЫН ЖӨНДЕЙДІ
Жыл өткен сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып, түйіткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Соның ішінде жол мәселесі де тұрақты назарда болып, әр жылы Жосалы кентінің орталығында және елді мекендерде көшелер асфальттануда. Өткен жылы да осы салада жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бірнеше көшеге тас төселген еді. Биыл да халық игілігі үшін істелініп жатқан дүниелер аз емес.
Бұрын халықтың жолға деген өкпесі «қара қазандай» еді. Әсіресе, жаңбырлы күні. Діттеген жеріне жете алмай, тіпті үйлерінің алдынан көшеге шыға алмайтындарын айтатын. Ал, елді мекендердегі тұрғындардың ахуалы тіптен бөлек. Ойдым-ойдым жерлер, шұңқырлар, төбелер жолаушының мазасын кетіріп, жүргізушінің «көлігін» қинайтын. Бір сағаттық жолға үш-төрт сағатта жететін. Бұл күнде ауылдарда кем дегенде 3-4 көшеге жол салынып, кент көшелеріне жөндеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Ең бастысы көп жылдар бойы арман болған елді мекендердің кіре берістеріне асфальт төселді. Саз балшықты белден кешкен ауыл халқының тірлігін жеңілдететін күндер әлі де алыс емес.
Осы мәселе төңірегінде Жосалы кентінің әкімі Ш.Сыдықов атына хат жолдаған болатынбыз. Ондағы көрсетілген жауапқа қарағанда, биыл ауданымыздың көптеген көшелеріне қиыршық тас жайылып, кей көшелеріне асфальт төселеді деп жоспарлануда.
- Кентте барлығы 115 көше бар. Оның ішінде, 39,951 шақырым асфальтты, 11,195 шақырым қиыршық тасты, 35,705 шақырым топырақты көшелер. Қазіргі таңда кенттегі Ораз ахун көшесі, Н.Жайсаңов, Т.Ізтілеуов көшесі толығымен қайта асфальттауды қажет етсе, Б.Момышұлы, Абай, Ә.Өміров, Т.Көмекбаев, Қорқыт ата, Т.Тоқтаров, Ә.Қайнарбаев, Балқы Базар, Наурыз, Н.Айсауытов, Ү.Томанов, М.Дабылұлы, І.Тұрмағанбетов, М.Шоқай, Х.Жомартов көшелері орташа жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Қазіргі күні кенттегі жолды жөндеу жұмыстары қолға алынуда, - дейді кент әкімдігінің бас маманы Н.Махамбетов.
2018 жылғы аудандық бюджеттен қаражат қаралып, кентішілік көшелерге ағымдағы және орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Темір жол вокзалы алдындағы аумақтың автомобиль жолын, Жолдыбаев көшесі мен Қорқыт ата көшесінің автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары қолға алынуда. Дәл қазіргі уақытта Қорқыт ата көшесінің бойында жол жөндеуге арналған көліктердің жұмыс істеп жатқанын көзіңіз шалады. Мамандардың айтуы бойынша, еліміздегі тұрақсыз климат жолдардың тез жарылуына әкеп соғады. Сондықтан жолдың сапасын ұзағырақ сақтау үшін, алдын ала зерттеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Солайша асфальтбетон құрамындағы заттардың мөлшерін климатқа сай әртүрлі деңгейде қосады.
Алуа Жанай, аудан тұрғыны:
- Кентте жөндеуді қажет ететін көшелер бар. Бірақ, бұрынғыға қарағанда көшелеріміз біраз реттелген. Оған да шүкір. Көлікке мінсек, кедір-бұдыр жерлерде соқтығысып, әзер баратынбыз баратын жерімізге. Барлық көше асфальттанған болмаса да, халық игілігіне жарап тұр. Әрине, барлығы бірдей бола салмайды ғой. Жәймендеп реттеліп келе жатыр.
Түйін:
Иә, кең ауқымда қолға алынған жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, жаңа жолдардың салынуы кент келбетін арттыра түсуде. Әрине, атқарылған жұмыстардың арнайы комиссия қабылдауынан өтетіні белгілі. Десек те, кейде осы жұмыстардың араға жыл өтпей сапасы сын көтермей жатады. Соңғы нәтижесінің қалай болатынына осы бастан назар аударып, бақылау жасалса бір жұмысты екі рет жасау кемшілігі болмайтыны белгілі. «Сараң екі рет төлейді» демекші, жолды төсеп, екінші рет жамап жүргеннен гөрі, сапасына мән берілуі назарда болғаны жөн. Себебі, ресми деректерге қарағанда жылына 17 мыңға жуық жол апаты тіркеледі екен. Оның ішінде сапасыз жолдың кесірінен апатқа ұшырайтындары қаншама.