АСТАНАҒА ГАЗ СЫР ЕЛІ АРҚЫЛЫ ТАРТЫЛАДЫ
Мемлекет Басшысының бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау бойынша қоғамдық кеңес өкілдері Сыр өңірінде болып, аймақта салынып жатқан бірқатар нысандар жұмысын назарға алғаны белгілі.
Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының 5-бағыты бойынша алғашқы кезекте тұрған «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» газ магистралінің құрылысы қарқын алмады.
Қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Жұмағұлов бастаған жұмыс тобы Қызылорда облысына сапары кезінде Астанаға көгілдір отын жеткізетін магистральдің қақпасы саналатын «Қараөзек» жоғары технологиялық газ компрессорлық стансаның қуаттылығына көз жеткізді.
Астанаға көгілдір отын «Қараөзек» компрессорлық стансасы арқылы жеткізіледі. Станцияның іске қосылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистарльды газ құбырының өткізгіштік қабілеті 10 млрд текше метрге артты. Бұл құбырдың жалпы ұзындығы 1534 шақырым болса, соның 180-і Қызылорда облысының аумағында.
Ал «Қызылорда-Астана» магистарльды газ құбырының ұзындығы – 1081 шақырымды құрайды. Аталған магистарльды газ құбырының құрылысы алдағы қазан айында басталады.
Сондай-ақ, 5 әлеуметтік бастаманы іске асыру туралы орталық атқарушы органдардың басшылары жоспарланған шаралар жөнінде баяндады.
ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры Зияш Қияқбаевтың айтуы бойынша, Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың аяғына дейін аталған жоба құрылысын аяқтау қажет.
Нақты кезеңде оның жоба-сметалық құжат жасалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылған. Осы тамыз айының ішінде қорытынды шешім шығарылып, мердігер мекемелер таңдалады. Ал, қазан айында газ құбырының құрылысы қарқын алады деп күтілуде.
Ал 2020 жылы құбыр бойындағы елді мекендер мен Жезқазған, Қарағанды және Теміртау қалалары көгілдір отынға қосылады деп жоспарлануда.