БАҚША ӨНІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС АРТУДА
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде агроөндіріс секторында дамудың тұрақты тенденциясы қалыптасып келеді. Қызылода облысында агроөнеркәсіпті дамытудың 2020 жылға дейінгі агрокартасы жасалған болатын.
Осы жоспар бойынша 2020 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімін арттыруды 2,4 есеге, ал, экспортты ұлғайту жұмыстары келешекте 5 есеге межеленіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде салада атқарылып жатқан жұмыстар мен көрсетіп отырған көрсеткіштер арқылы қол жеткізуге толық мүмкіндіктер бар.
Мемлекеттік тағы бір жоба аясында аймақтағы шағын қожалықтарды топтастырып, кооператив құруда да оң нәтижелер орын алып отыр. Атап айтсақ, бүгінде ауданда 201 майда қожалықтар мен 311 дара кәсіпкерлердің бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, осы жылы 6 кооператив тіркелді.
Жыл басынан бері ауданда ауылшаруашылық саласы бойынша 3,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнім көлемінің 4,3 пайызға артқанын көрсетеді.
Жалпы бекітілген сызбаға сәйкес ауданда 29 062 гектар жерге егін егілген. Оның ішінде картоп - 1050, көкөніс - 1285, бақша - 1993 гектар жерді қамтыған болатын. Осы егілген егіннің жемісін көріп, өнімнің алды сатылымға шығып, бақша өнімдеріне аймақтар қызығушылық танытуда.
Биылғы жылдың шілде айынан бастап, көкөніс және бақша өнімдерінен Жезқазған қаласына 18 тонна қауын, 15 тонна қызанақ жіберілсе, Ақтөбе қаласына 23 тонна қызанақ, 11 тонна қияр, 6,5 тонна қауын, 60 тонна қарбыз жөнетілді.
Ал еліміздің бас қаласы Астана қаласына қызанаққа сұраныс түсіп, аталған қалаға 8,5 тонна өнім осы айда жіберілді.
Сыр елінің қауыны мен қарбызына соңғы жылдары сырт елдерден сұраныс артқан. Мәселен, өткен жылы қызылордалық дихандар 5 мың тоннадан астам қауын-қарбызды жақын шетелдерге экспорттады. Ал, биыл бұл көрсеткіш еселеп артуы мүмкін. Мәселен, шілде айының өзінде Ресей еліне 476 тонна күріш, 20 тонна қарбыз өнімі экспортталып, сатылды.
Бақша дақылдары өнеркәсібі өндірісін қалпына келтірілуі жылдан жылға жақсарып келеді. Көп жылдардан кейін, алғаш рет 2016 жылы біздің қауын мен қарбызымыз Ресей мен Қырғызстанға экспорттала бастаған болатын. Бүгінде ұлғайып, бақша дақылдарының көлемі артуда.
Шындығына келсек, келешекте экспорт көсегемізді көгертпек. Ауыл шаруашылығындағы экспорт әлеуетінің артуы бұл саланың дамуына үлес қосып қана қоймайды, сонымен қатар, шаруаның да, жұрттың несібесін еселей түседі.