БАҚЫТГҮЛДІҢ ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕСІ
Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Бақытгүл Айнияз «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 500 мың теңге грант жеңіп алып, жеке кәсібін бастап кетті. Ол тұшпара шығаратын цех ашпақ.
Бақытгүл – кәсіптен нәсіп тауып отырған шаңырақтың отанасы. Яғни, отбасы мүшелерінің барлығы дерлік жеке кәсіппен айналысады. Жолдасы Панабек мал шаруашылығы және мал азығындық шөп дайындаумен айналысатын «Еріш Өмірбек» шаруа қожалығының иесі. Ал, ұлы Тоқтар «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығынан» 2 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, ауылдан «Қанатбек» атаумен шағын наубайхана ашты. Сонымен қатар, ол «Жұлдыз» аралас заттар дүкенінің де жұмысын дөңгелетіп отыр.
Бақытгүл көп жылдар ауылдық кітапханада қызмет етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Ауылдағы ағайынға сыйлы. Жұмысымен қатар, бала тәрбиесін, отбасылық кәсіптің берекелі болуына ұйытқы болды. Өнегелі шаңырақтың келіні Бақытгүл ас дайындаудың да шебері. Ол нан, тәтті тоқаштар мен торттың түр-түрін пісіріп, ұлы Тоқтардың наубайханасының сәнін келтіруден жалыққан емес. Енді өз қолымен тұшпара дайындап, ауылдағы ағайынға ұсынбақ.
«Тұшпара өндіру – аса көп шығынды талап етпейді және дер кезінде қайтарымы да болады. Оны дайындау кезінде сиыр етін қолданбақпын. Тұшпарамен қоса манты, тартылған ет өндіруді жоспарлап отырмыз. Дайын өнімді азық-түлік дүкендеріне өткізбекпіз. Тұшпара дайындау үшін алдымен қамырды одан кейін фаршты дайындап аламыз. Сонан соң түйіп, қатырып, ораймыз.
Цехты техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жол жүрмекпін. Ойға алған кәсібімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік грантқа қол жеткізгеніме қуаныштымын. Бұл біздер үшін үлкен көмек», – дейді кәсіпкер.
Ұ.ТАЛАПБАЕВА,
Қазалы ауданы