ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ҚАҒАЗ ТҮРІНДЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЗАЙТҚАН
2018 жылдың алғашқы 6 айында Қызылорда облысында мемлекеттік органдармен 1 млн. 598 мыңнан астам қызмет көрсетілген.
Электронды түрде көрсетілген қызметтер саны 1 млн. 23 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге жуық артса, мемлекеттік органның тікелей өзімен қағаз түрінде көрсетілетін қызметтер саны 41,8 пайызға азайып отыр.
Жалпы облыстағы 25 аумақтық және 25 жергілікті атқарушы органдармен 391 қызмет түрі көрсетіледі.
- Жыл басынан бері мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша 25 тексеру жүргізіліп, 5649 заң бұзушылық анықталды. Бұл өткен жылдың 1 жартыжылдығымен салыстырғанда 3342 заң бұзушылыққа артып отыр, - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов.
Оның айтуынша анықталған 5649 заң бұзушылықтың басым бөлігі - қызмет көрсету тәртібін бұзу 5285 рет орын алса, стандартта көзделмеген құжаттарды талап ету 172 рет, толық емес құжаттар бола тұра қызмет көрсету 147 рет, стандартта көрсетілген қызмет көрсету мерзімдерін сақтамау 37 рет, өзге де заң бұзушылықтар 8 рет болған.
Тексеру нәтижесімен заң бұзушылықтарды жою туралы 30 ұсыным енгізіліп, заң бұзушылықтарға жол берген 17 қызметшінің 3-не қатаң сөгіс,
1-не сөгіс, 13-не ескерту тәртіптік жазасы көрілген.