«ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жолдауында жастарды қолдауға бағытталған жобаға басымдық берілген. Соның бірі – «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы.
Аталған жоба өткен 2017 жылдан бастап республикамыздың бірқатар аймағында пилоттық жоба ретінде енгізілді. Жобаның түпкі мақсаты – осал топтағы жастардың бастамасына қаржылай қолдау көрсету және осы арқылы шағын және орта бизнесті дамыту.
Бұл жобаға кәсібін ашсам деген 16-29 жас аралығындағы жұмыссыз, мүмкіндігі шектеулі жастар қатыса алады. Жоба жеңімпазына 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі.
Айта кетейік, биылғы жылдан бастап бұл жоба Қызылорда облысында қолға алынды. Аймақ жастарынан барлығы 671 өтінім қабылданып, оның 266-сы жеңімпаз атанды.
Қызылорда қаласы 93 жоба жеңімпазымен көш басында тұрса, мұнан кейін Жаңақорған ауданы 69 жоба жеңімпазы анықталған. Ал Шиеліде – 30, Жалағашта – 26, Сырдарияда – 19, Қармақшыда – 14, Қазалыда – 11, Арал ауданында 4 жоба үздік деп танылған.
Нақты кезеңде жобаны үйлестіру тобы ерекше идеяны сараптап, жеңімпаздарды қаржыландыру жұмысы жүргізуде.