ҮЗДІК ТАУАР-2018: ЛЕГО-КІРПІШ КӨШ БАСТАДЫ
Жаңақорғанда жасалған өнім «Қазақстанның үздік тауары – 2018» облыстық көрме-байқауының «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі ұйытқы болған өңірлік байқауда жергілікті кәсіпкерлер «Халыққа арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша бақ сынаған болатын. Жаңақорған ауданының абыройын асқақтан «Асем тас» серіктестігі 2015 жылдан бері бетон өнімдері мен тротуарға арналған тастөсемелердің түр-түрін өндіреді.
Бұған қоса, биылдан бастап, облыста алғашқылардың бірі болып, еуропалық стандартқа сай лего-кірпіш өндіруді қолға алынды. Жомарт Шауенов жетекшілік ететін шағын компанияның болашағы зор.
Өңірлік шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов көрме жұмысын аралап, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен жеке-жеке танысты.
Өз кезегінде сұранысқа сай өнім өндіруді кәсіп еткен Жомарт Шәуенов көрме қонақтарына лего-кірпіштің жасалу технологиясымен таныстырды.
–Шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген ынталы азаматтарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Негізі бұл бизнес-жобаны аудандық кәсіпкерлер палатасына ұсынғанымда қуана құптады. Шынында, бұл Қызылорда облысы мен Түркістан аймағында әзірге жоқ жоба. Сондықтан да болар, қаржыландыру тетігі де табыла кетті. Яғни, кәсіпкерлер палатасының үйлестіруімен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан 2 млн теңге демеу қаржыға ие болды.
Жеңілдетілген қаржыға Ресейден лего-кірпіш пен шлакоблок құятын аппарат, еуроқұрылғы, миксер секілді заманауи жабдықтарды сатып алдық. Шүкір, бүгінде кірпіш құю технологиясын игеріп алдық. Қуаттылығы – 4500 шаршы метр. Бүгінгі таңда 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын, – деді серіктестік жетекшісі.
Сондай-ақ, жаңақорғандық кәсіпкер көрмеге жиналған көпшілік алдында лего-кірпіштің артықшылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл кірпіштің басты ерекшелігі – құрастырмалы әрі төзімді. Оған қоса, баспананың қабырғасын өруге кететін уақыт қысқарады. Өйткені, кірпіш екі үлгіде шығарылады. Біріншісі – ойық, екіншісі дөңбек болады. Осылай ұяшықтары арқылы бір-біріне киіледі. Отандық өнімнің шикізаты да өзіміздің өңірден.
– Лего-кірпіш Еуропада жиі қолданылатын құрылыс материалы ретінде танымал. Өте берік және тығыз болады. Он бес тонналық гидровикалық қысыммен нығыздаудан өтеді. Құрамына келсек; таудың ірі құмы, жуылған май қиыршағы, және цемент пен арнайы қоспа қосылады. Гипер престеуден өткен лего-кірпіш беріктігі жоғары және тұзданбайды. Сәулетті келбетімен де ерекше. Тапсырыс берушінің талғамына сай кез келген түсте шығарамыз – деді Жомарт Шәуенов.
Одан әрі көрме жұмысын аралаған көрменің құрметті қонақтары биыл «Үздік тауар» атануға ниет білдірген кәсіпкерлер қатары артқанын білді. Яғни, 34 жеке кәсіпкер өңірлік байқауға қатысуға өтініш білдірген. Оған қоса, көрме аясында облыстың өзге шағын тауар өндірушілері халыққа өз бұйымдарын ұсынды. Әсіресе, басым бөлігі «Бастау» жобасының түлектері. Жаңақорған ауданынан бұл көрмеге 10 кәсіпкер қатысты.
Айта кету керек, «Қазақстанның үздік тауары-2018» көрме-байқауын ұйымдастыруда биылғы жылы айтарлықтай өзгеріс бар. Біріншіден, биылдан бастап шараны өткізуді облыс әкімдігі қаржыландырды. Екіншіден, жеңімпаздарды дәрежесіне қарай бөлу (І, ІІ, ІІІ орын деп) алынып тасталды.
Мұның басты себебін аталған көрме-байқауды 2015 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдігі былайша түсіндірді: «Жеңімпаз болған тауарлар түрлі тауар тобына жатады. Олардың тұтынушылық құрамы екі жағдайда да жоғары деңгейде. Сондықтан үш аталымда теңдей үш жеңімпаз анықталатын болып келісілді», - деді.
Өңірлік көрме-байқауда үш аталым бойынша өткен жеңімпаз атанған кәсіпкерлерді «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев марапаттады. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша жеңімпаз атанған жаңақорғандық «Асем тас» серіктестігінің жетекшісі Жомарт Шауенов арнайы «Дипломға» ие болды. Әрі қазан айында Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2018» республикалық көрме-байқауына жолдама алды.
Түйіндей айтқанда кәсіпорындар мен ұйымдар қызметінің белсенділігін арттыруда, отандық тауарлар сапасын көтеруде бұл үздіктерді анықтайтын көрме-байқаудың орны айрықша. Әрі Қазақстан нарқында бәсекеге қабілетті өнім шығаруға серпін береді. Ендігі тек, өңірдегі «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында жергілікті жерде өндірілген «Асем тас» сынды отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне дұрыс көзқарас қалыптасса игі.
Ә.ӘБДІШ,
Жаңақорған ауданы