КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРГЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Естеріңізде болса, сәуір айында өткен Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес отырысында қаралған мәселелердің бірі – жерге орналастыру қызметі болатын. Бүгін аталған мәселенің шешілу барысын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Жалпы, Палатаға кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштерге жасалған талдау нәтижесі өтініштердің басым бөлігі жер қатынастар салаларындағы жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне келетіндігін (27%), маңыздылығы бойынша екінші кезекте тұрған мемлекеттік сатып алу (23%) екендігін көрсетті.
Соның бірі – Палатаға бір топ кәсіпкерлерден келіп түскен жерге орналастыру қызметін бәсекелестік ортада жүзеге асырудағы проблемалық мәселелер туралы ұжымдық арыз.
Арызда ашық бәсекелестік ортада белгіленген жерге орналастыру қызметтерін бірқатар тапсырыс беруші мемлекеттік мекемелердің Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментімен бір көзден шарттар жасасу арқылы алып, осы салада қызмет көрсететін өзге кәсіпкерлердің құқығы шектеліп отырғаны айтылған.
Кеңес мүшелері мәселені қарау барысында осындай бірнеше фактімен танысты.
Атап айтқанда, Арал ауданы Ақирек ауылдық округі өткен жылдың қазан айында 16 млн. 413 мың теңгеге жерге орналастыру қызметі бойынша жариялаған лотын алғашында электронды конкурспен өткізіп, кейін облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ұсынысымен деп тоқтатып, бір көзден алу тәсілімен Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментіне берген.
Мұндай жағдай, жалпы құны 65 млн. 317 мың теңгені құрайтын қызметті ұсынған Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, сондай-ақ 52 млн. 232 мың теңгеге қызмет ұсынған Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан орын алған.
Негізі жерге орналастыру қызметін тиісті рұқсаты бар кәсіпкерлік субъектілері көрсете алады. Алайда, мемлекеттік органдар қызметті ұсыну барысында тек монополиялық компаниялар ғана көрсете алады деген желеумен 1 ғана мекемеге беруді шешіп, тиісті құжаттарын тапсырған 20-ға жуық кәсіпкердің құқығы шектелген. Атап айтқанда, бәсекелестік нарықтық жұмысты, яғни кәсіпкер көрсете алатын қызметті мемлекеттік органға берген.
Кеңес мүшелерінің бұл мәселе бойынша қабылданған резолюциясына сәйкес Сырдария және Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің жерге орналастыру жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алуларының заңдылығына тексеру жүргізу, нәтижесі бойынша аталған мемлекеттік сатып алу қорытындысының күшін жою шараларын ұйымдастыру ұсынылды.
Бұл мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Ғалым Едігеев айтып берді.
– Бүгінгі таңда ҚР Қаржы Министрлігі Ішкі аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті Сырдария, Қармақшы аудандық ауылшаруашылығы бөлімдерімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу заңсыз деп тану туралы сотқа талап арыз беріліп, ақшаға тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, ҚР-ның мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 207-бабымен Қармақшы ауданының ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сабытбек Жолмаханов пен Сырдария ауданының ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбекке жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (240 500 теңге) әкімшілік айыппұл салынды», - деді ол.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі