ҚАЗАЛЫДА ТӨРТ ТҮЛІККЕ "СӘУЛЕ ШАҒЫЛЫСТЫРҒЫШ" ТАҒЫЛУДА
«Батыс Европа-Батыс Қытай» халықаралық автожолы Қазалы ауданы территориясының біраз бөлігін кесіп өтетіні белгілі. Аудан аймағында тұратын түрлі шаруа қожалықтары мен тұрғындардың жеке малының үлкен күре жолды кесіп өтуінен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында біршама игі жұмыстар атқарылуда.
Төрт түлік малдың автомобиль жолына шығып кету себебінен жол қозғалысының қауіпсіздігі бұзылады, оның ішінде адам денсаулығы мен материалдық шығындар орын алуы әбден мүмкін.
Қазіргі таңда жергілікті тұрғындарға малды қараусыз қалдырмау туралы түсініктеме беріліп, автомобиль жолы бағытында жайылатын малдың мойынына түнгі мезгілде жарыққа шағылысатын "Сәуле шағылыстырғыш" белбеу тағу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы «КазАвтоДор» АҚ тарапынан Қазалы ауданы Ақсуат ауылы маңайына 80, 60, 40 шақырым қашықтық жылдамдығын тежеуге арнайы жол белгісі және №99 бекет пен «Еңбекшіқазақ» тұсына автокөліктің жылдамдығын өлшеу құралы орнатылған болатын.