ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН ЖАЗ ОЙЛА
Бабаларымыз: «Қыстың қамын жаз ойла» деп бекер айтпаған. Бұл төрт түлік малдың қамымен көшпелі ғұмыр кешкен аталарымыздың отырықшылықққа көшкен кездегі даналығы, қыс мезгіліне дайындықты жазда жаса, мал азығын дайындап ал деген нақыл сөзі. Бұл кезде қалалық жерлерде жылу-энергия орталықтарының дайындығын тексерілсе, ауылда мал азығын әзірлеу ісі қарқынмен жүреді.
Көзіміз көрді, кешегі кеңестік кезеңде әрбір шаруашылық жаз ортасында табиғы шөп пен жоңышқаны пресске басып, арнайы жерге тау-тау қып жинап қоятын-ды.
Тіпті, жүгеріден силос өндіріп, оны арнайлап дайындалған ұраға көметін. Ал, күн суыта осы мал азығымен малшылар өз бағымындағы төрт түлігін жемдеп, қыстан аман алып шығатын. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мал шаруашылығы біршама тұралап қалған еді. Нақты кезеңде мемлекеттің түрлі қолдауымен мал шаруашылығын қайта өркендетуге бағытталған бағдарламалар іске асырылып, сол арқылы төрт түліктің санын көбейтуге мүмкіндік туды.
Бүгінде Қармақшы ауданында да төрт түліктің саны көбейді, соның арқасында өңір тұрғындарының да әлеуеті де артты. Төрт түлікті одан әрі дамытуда әрине жем-шөп те керек. Бірақ, бүгінде солтүстік өңірлерден жеткізілетін бидай жемнің бір қабының құны 900 теңгеден асты.
Ал, шаруашылықтар арқылы дайындалатын жоңышқаның әрбір данасы 350 теңге, кейде 400 теңгеден сатылуда. Базардағы бидай мен тары, сұлының бағасын айтпасақ та болады.
Жыл басында Қармақшы ауданы әкімі С.Мақашов жылдағы дәстүрмен елді мекендерді аралап, өңір әлеуетін арттыруға арналған халық алдындағы есепті жиынында өткен жылы ауданда 60 000 тонна мал азығы дайындалғанын айтты. Сонымен қатар, дәстүрлі күріш дақылынан басқа картоп, көкөніс, бақша және майлы дақылдарды өндірістік негізде өсіруді, сондай-ақ жүгері, арпа және мал азықтық дақылдар көлемін қолға алу керегін тілге тиек етті. Рас, ауданда өткен жылы жиналған мал азығы қорының дерлігі аудандағы шаруашылық құрылымдардың иелігінде болды. Ал, жеке тұрғындар бойынша есеп жоқ. Десе де, өткен жылы Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсыбай Жәкеевтің ұйымдастыруымен «Жаңажол», «Достық», «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімге отырып, аудан орталығындағы еңбек ардагерлеріне нарық бағасынан төменмен жоңышқа шөбі мен күріш қалдығын және жармағын сатты. Мұндай игі іс биыл да жалғасын табуда.
Сыр өңіріндегі барлық аудандарда алдағы қысқа дайындық жайы қазірден қолға алынуда. Осы орайда Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жағыпар Төлегеновке жолыққан едік. Бас маман бізге мал азығын даярлау бойынша атқарылғалы отырған жұмыстар жөнінде айтып берді.
– Жаздың аптап ыстығы өсімдік атаулыға оңй тиіп тұрған жоқ. Биыл ауданда жылдағы дәстүрмен жем-шөп дайындау жұмысы тамыздың алғашқы онкүндігінде басталады. Осы алдағы қыстан қысылмай өту үшін Қармақшы ауданының шаруа қожалықтары жоспар бойынша 50 тонна табиғи шөп, 4 тонна пішендеме, 7 тонна сүрлем, 32 тонна сабан және 360 тонна құрама жем дайындау жоспараланып отыр.
Сонымен қатар, күріш қалдығы мен жармағы, тағы басқа да жем түрлерін дайуындауда аудандағы шаруашылық құрылымдары аса белсенділік танытуда. Өткен жылы қыс қатты болды. Азғана шығын болмаса, малшылар қауымы қыстан төрт түлігін аман алып шықты. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, бүгінде ауданда жақын арада жаппай қыстық мал азығын дайындауға кіріседі, – деді ол.