БӘСЕКЕЛЕСТІК ҚАРҚЫН АЛУДА
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Бүгінгі күннен бастап қазақстандық кәсіпкерлер жаңа мүмкіндіктердің туғандығын түсініп, жаңа нарыққа шығу бойынша тиімді стратегиямен айналысуға белсенді араласуы керек. Кәсіпкерлер өздерінің бәсекелестік басымдықтарын шыңдай түсулері шарт. Әрине, бәсекелестік жоқ жерде белсенділік те болмайды, бірақ өмір сүру сапасы да жоғарыламайды. Сондықтан да, біз сапалы өмір сүруге ұмтылып, бұған қатысты біздің жоспарларымызға кедергілер болмауы тиіс», - деген болатын. Иә, ел кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан қолдау аясы жыл санап кеңейіп келеді. Соған сай кәсіпкерліктің көкжиегі кеңуде.
Мәселен, Арал қаласында жуырда мың шаршы метрді құрайтын сауда орталығы қолданысқа берілді. Енді көкөніс өнімдері мен азық-түлікті жол жиегінде тұрып саудалайтындар өзіне де, өзгеге де жайлы, жарық, жылы жерде тұрып ұсынатын болды. Қазірдің өзінде су жаңа сауда орталығында бірнеше адам жұмыспен қамтылған.
Қос қабатты әсем ғимараттың бірінші қабаты тұрмыстық заттар мен азық түлік өнімдеріне арналса, екінші қабатында киім қатарлары бар. Жабайы саудамен айналысатын азаматтарды, мәдени сауда жасауға шақырып отырған орталықтың мақсаты-халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету.
Әрине, әрбір кәсіпкер мемлекетке салық төлеп отырғаннан кейін, кез-келген ортада бәсекелестіктің болуы шарт. Ал, бәсекеге төтеп беру – нарықтық заман талабы.
Аралдық кәсіпкер Темірхан Шүкіров атқарылған жұмыстар мен алдағы жүйелі жоспарлары жайлы бізбен ой бөлісіп, заманауи сауда орталықтарының тиімдігін жеткізді.
Расында, қазір барлық аудандарда заманауи сауда орталықтары ел гілігіне қызмет етуде. Осылайша, таңда аталған салада бәсекелестік қарқын алуда. Сол үшінде кәсіпкерлеріміз жаңа мүмкіндіктерді оңтайлы пайдаланып, өздерінің бәсекелестік қабілеттерін арттырып отырғаны дұрыс деп ойлаймын.
Өйткені, бүгінде сатушылардың да талғамы жоғарылап келе жатыр. Олар жайлы орындарда сауда саттықпен айналысқанды құп көреді. Әрі тұтынушыларға да жағымды әсер туғызады. Осы орайда Арал ауданында да жергілікті тұрғындардың сұранысына сай сәулеті келіскен сауда орындары көптеп салынып жатыр. Бұл – бәсекелестіктің бір көрінісі.
– Жуырда біз соңғы үлгідегі нысанды ашып, кәсібінен нәсібін көремін деген жандарға пайдалануға бердік. Соның нәтижесінде жабайы саудамен айналысатындардың қатары сәл де болса азайды деген пікірдемін, - дейді кәсіп иесі.
Қазіргі нарық заманында жабайы саудамен күресудің бір жолы – көшедегі заңсыз кәсіпті заманауи сауда орталықтарына көшіру болып табылады. Сонда ғана тұтынушының құқығы қорғалатыны анық.