ӨРІСІ МОЛ ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС
Шағын және орта кәсіпкерлік әлемдік экономиканың даму тәжірибесі көрсетіп отырғандай, негізгі тұрақтандырушы фактор болып табылады.
Шағын және орта бизнес өнімдері батыс елдерінде жалпы ішкі өнімнің 60-70 пайызын құрайды. Ал сол елдердегі жұмысшылардың 75-80%-і шағын және орта бизнес бағытында өз шаруаларын шалқытып отырғандар.
Бұл бизнес біздің елімізде енді дамып жатырғандығын ескерсек, көрсетіп жатырған нәтиже де жаман емес. Сондықтан да елімізде кәсіпкерлікті дамыту бағытында мақсатты жұмыстар ұдайы жүргізіліп, түрлі бағдарламалар іске асырылуда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» осы жұмыстардың заңды жалғасы деуге болады. Жалпы, кәсіп иелеріне мемлекет тарапына қолдау мықты болып тұр.
Мәселен, биылғы жыл Қызылорда облыс бойынша «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланып, алға қойылған міндеттерді іске асыруда кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасы әзірленді. Ал жуырда ол 3 жылға ұзартылды.
Бұған қоса, өз қаражатына құрылыс нысандарын бастап, Арал ауданының көркейіп-гүлденуіне өз септігін тигізіп жатырған арда азаматтарымыз да бар. Солардың бірі кәсіпкерлік саласында өзіндік қолтаңбасы бар Ғалымжан Сүйінтаев.
Арал қаласы орталығынан салынып жатырған сауда орталығының иесінің мақсаты айқын, жоспары жүйелі. Алаңы 1000 шаршы метр болатын қос қабатты ғимарат алдағы қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Әрине, бұл жаңалықтың қала халқы үшін жағымды тұсы бар.
Біз кәсіпкер Ғ.Сүйінтаевты әңгімеге тартқан едік:
– Бүгінде еңбек етемін деген жандарға мүмкіндік мол. Тек ынта мен жігер тәуекелшілдік сынды қасиеттер болса, алынбайтын қамал болмайды деп ойлаймын. Оның үсіне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен мүмкіндікке толы бағдарламалар жоспарымыздың жүйелі болуына көмектеседі.
Мәселен, шет елдерде отбасылық бизнес қарқынды дамыған. Соның арқасында олар аз-маз жалақыға қарап күн өткізбей, баршылықта өмір сүруге дағдыланған және бизнесі атасынан баласына мұра ретінде беріліп отырады. «Еңбек еткенге береді» дегендей, олар шет елдерге саяхаттап, қалаған нәрсесіне қол жеткізе алады. Сол үшін де мен отбасылық бизнесті қатты қолдаймын әрі ауданымызда да дамыса деген тілегім бар.
Мен де осы бір бизнес түрін қолға алып, жұмыстар атқару үстіндемін. Игі бастамам жүзеге асқан соң, төмен пайыздық жеңілдетілген несие алып, өзге нысандар салу ойымда бар. Бәрі де сайып келгенде «отбасылық бизнесті» жандандыру мақсатында атқарылып жатырған жұмыстар», - деді ол.