БАУ-БАҚШАНЫ ЖАЙНАТҚАН
Қазалы қаласында Оспановтар отбасын танымайтын жан жоқ шығар. Оспановтар десе, көптің көз алдына бірден жасыл желекке оранған бау-бақша келеді. Алма, алмұрт, құлпынай, шие, өрік, жүзім, таңқурайы төгіліп тұрған бақша іші кірсең шыққысыз. Адамды еріксіз баурайтын бақтың түпкі жағында қияр, қызанақ, картоп, жуа егілген.
Әкесі Өмірзақтан қалған бақшаны қазір қарашаңырақ иесі Тиыштықбай баптайды. Қызы Сәуленің айтуынша, сексен екі жасқа қараған шағында дүниеден өткен Өмірзақ ата әркез әсемдікті, әдемілікті, тазалықты жаны сүйеді екен. Содан болар жас кезінен үй іргесіне жеміс-жидектің түр-түрін егіп, бақша өнімдерін де өсірген. Ұл-қызын бала шақтан бақша баптай білуге, еңбек етуге, шыдамдылық пен тиянақтылыққа тәрбиелейді.
Еңбек жолын Бозкөл совхозында көлік жүргізуші болып бастаған Өмірзақ Оспанұлы әр жылдары автомеханик, гараж меңгерушісі, бас инженер-механик, шебер, аға шебер, автоколонна бастығы, мелиротив отрядының бастығы қызметтерін абыроймен атқарған.
Қазалы автобазасында шеберхана меңгерушісі болып, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Қызметпен қатар үй шаруасын, оның ішінде ауласын гүлдендіруден әсте қол үзбеген. Әр жеміс ағашының жағдайын жасап, күтіміне үлкен қамқорлықпен қарайды. Еңбек етуден ешқашан жалықпаған қарияны ісмерлігі мен өзі ісіне деген шеберлігі тіпті «Темір Өмірзақ» атандырыпты.
Өмірзақ қария уақытында «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» республикалық акциясы кезінде елді мекенді көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын белсенді жүргізгені үшін аудан әкімі М.Имандосовтың «Үлгілі аула» номинациясымен марапатталған. Ұрпағына тәлімді тәрбиесімен үлгі-өнеге болған ақсақал бата берудің де хас шебері. Ол кезінде облыстық «Ақ бата» мүшәйрасының жеңімпазы атанған.
«Әкем үнемі күліп жүретін. Балалары мен немерелеріне адамдар арасындағы сыйластықтың ең асыл қасиет екендігін айтып отыратын. Бақшаға барлығымызды баулыды. Арам шөп жұлуды, қалай суғару керектігін үйретті. Қазір айтқан ақылымен көшеттерді өзім емдеп, отырғызамын, дәрі егемін. Табиғи өнімнің артықшылығы көп. Өзімізден артылғанын сатып, балалардың оқу-құралы, керек-жарағына жұмсаймыз. Жеміс-жидек піскен мезгілде тапсырыспен өнім алатындар да бар», – дейді Өмірзақ атаның ұлы Тиыштықбай Оспанов.
Бұл шаңырақтан «Баптай білсең, жер жомарт» деген мақалдың мәнін тағы бір мәрте ұғып шықтық. Біз барғанда тату-тәтті отбасындағы қарбалас жұмыс әлдеқашан басталып кеткен. Ұлдары Мағжан мен Рахман әкелеріне қолғанат болып, арам шөп отап, картоп қазып жатыр.
Ал қыздары Маржан мен Мерей болса анасы Майра мен тәтесі Сәуленің жанында жүріп, жеміс-жидектен тосап қайнатудың тәсілдерін үйренуде.