САЛЫҚТАН ҚАРЫЗЫҢЫЗ БОЛСА, КЕДЕРГІЛЕР БОЛУЫ МҮМКІН
Егер Сіздің салықтан қарыздарыңыз болса, әлде орындалмаған құжаттарыңыз болса, шет елге шыға алмай қалуыңыз мүмкін.
Жеке тұлғаның өтелмеген салықтық қарыздары қордаланып қалса, мемлекеттік кірістер органы құзыретті атқарушы органға мәжбүрлеп орындау үшін бұйрық жолдай алады, бұл шаралар банк шоттарына шектеу қою, жылжитын немесе жылжымайтын мүлкіне ауыртпалық қою болуы мүмкін. Салықтық міндеттемелерді орындатудың ең әсерлі шарасы елден сыртқа шығуға тиым салу болып отыр.
Қазақстан Республикасының «Орындаушылық өндірісі және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 33-бабына сәйкес, егер борышкер 3 айдан аса орындау құжатының талабын орындамаса – сот орындаушы елден шығуға уақытша тыйым салатын қаулы шығаруға құқылы. Яғни, салықтан қарызы бар тұлғаның шет елге шығуын шектейтін сот орындаушының қаулысы болып табылады.
Биылғы жылдың 1 шілдесіне Қызылорда облысы бойынша бюджетке салықтан қарыз болған 33 мыңнан астам жеке тұлғаның есебі бар. Олардың ішінде берешек сомасы бір айлық есептік көрсеткіштен асатын 5 мыңға жуық тұлғаға қатысты материалдар мәжбүрлеп өндіру шарасын қолдану үшін сот орындаушыларға берілген.
Борышкерлер тізімінен өзіңізді тексеріп көрем десеңіз Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz, сайтына кіріп, «Салықтық қарыздардың бар немесе жоқ екені туралы мәліметтер» парақшасын қараңыз. Болмаса өзіңіз тіркелген, аудан немесе қала бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуіңізге болады.
Қолайсыздыққа кезігіп, жазғы демалысқа немесе саяхат сапарға байланысты жоспарларыңыз бұзылмасын десеңіз, мүлікке, жер учаскелеріне және көлікке қатысты салықтарыңызды уақытылы төлеп жүріңіз!
Б.ОРДАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің
бас маманы