ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 2018-2020 ЖЫЛДАР «ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖЫЛЫ» БОЛЫП ЖАРИЯЛАНДЫ
2018 жыл аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» ретінде жарияланған болатын. Облыстағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесінің маңыздылығын есепке ала отырып, мерзімі 3 жылға дейін ұзартылды. Бұл туралы кәсіпкерлік саласының дамуы мен кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелерін талқылау мақсатында өткен жиын отырысында белгілі болды.
Бүгін облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың төрағалығымен облыста жарияланған «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» аясында «Кәсіпкерлер үйін» таныстыру, кәсіпкерлік саласының дамуы мен кәсіпкерлік саласының өзекті мәселелерін талқылау мақсатында жиын өтті.
Аталған жиын отырысына облыстық мәслихат, «Нұр Отан» партиясының активі, Қоғамдық кеңес, қала және аудан әкімдіктері, барлық мүдделі мемлекеттік органдар, қаржы институттары, өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Айта кету қажет, аймақ басшылығы әрдайым барлық деңгейдегі атқару органдарының басшылығына салық базасын ұлғайту, тұрақты жұмыс орындарын құру және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру міндеттерін кәсіпкерлікті дамыту арқылы шешуді ерекше мән беруді талап етуде.
Аталған міндеттерге қол жеткізу мақсатында жыл басында облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің, облыстық қоғамдық кеңестің және Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен 2018 жыл өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» ретінде жарияланған болатын.
Бұл шешімді жақында өткізілген мәслихаттың сессиясында өңірде жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздарды жұмыспен қамту мәселесін шешу, шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін ұлғайту мақсатында облыс әкімдігінің және мәслихаттың, «Нұр Отан» партиясы филиалының, қоғамдық кеңес пен кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімі негізінде 3 жылға ұзартылды. Яғни, 2018-2020 жылдар өңірімізде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары» ретінде өтеді.
Облыс әкімі кәсіпкерлікті қолдау жылдарында бірлескен жұмыстың оң нәтижелерге қол жеткізу жолдарын атап өтті.
Жиын алдында «Кәсіпкерлер үйі» таныстырылды.
Мұнда болашақ және өз істерін бастаған кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдайларды жасау мақсатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Жобаларға сараптама жүргізу орталығы» ЖШС, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, «Цеснабанк» АҚ Қызылорда филиалы және өзге де мекемелер орналастырылған.
Сондай-ақ, бизнес орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де ыңғайлы пандус және лифтпен жабдықталған. Аталған ғимаратта әртүрлі семинарлар, дөңгелек үстелдер, форумдар, іскерлік кездесулер мен түрлі тақырыптар бойынша іс-шаралар өткізуге арналған 3 мәжілісі залы бар.