МАЛ БАҚҚАН ШАРУА ҚҰС ТА ӨСІРМЕК
Сыр өңірінде нақты кезеңде кәсіпкерлік саласы керегесін кеңге жайып келеді. Ауылдағы ағайын мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды айқын сезінуде. Солардың бірі – Сырдария ауданы Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны Рашид Ысқақов.
Ата кәсіпті қолға алған кәсіп иесі 2012 жылы «Мырзабек» шаруа қожалығын құрды. Алғаш малды асылдандыру бағытында жұмыс жасауға «Агро несие» корпорациясынан 10 млн. теңге несие алады. Қаржының бір бөлігіне қыстау сатып алып, басқа өңірлерден асыл тұқымды ірі қара мал әкелді.
– Бастапқыда біз малды асылдандырумен айналыстық. Асыл тұқымды бұқаларды Орал, Ақтөбе қалаларынан, Арал жақтан алып келдік. Міне, 7 жылдан бері осы тірлікті атқарып жүрміз. Малды асылдандырмай нәтиже күту қиын. Мәселен, 1 жастағы өгізше 150-160 келіге дейін ет беріп отыр. Бұл бағдарлама бізге үлкен көмек көрсетті, – дейді кәсіпкер.
Ерінбей еңбек еткеннің берекесі еселене түседі. Р.Ысқақов өзінің еңбекқорлығының арқасында егін егумен де, мал шаруашылығымен де айналысады. Әр істі ынта-ықыласпен жасағанды қалайды.
Өткен жылы мұндағы 5 шаруашылық қосылып, «Береке» атты ауыл шаруашылық кооперативін құрды. Әр шаруашылық қолында бар малы мен техникасын біріктіріп, мемлекеттік бағдарлама аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан 14 млн. теңге несие алды. Қаржы институтына құжаттарын әзірлеуде кәсіпкерлер палатасының Сырдария аудандық филиалы мамандары жан-жақты қолдау көрсеткен.
– Мұның да үлкен нәтижесін көрдік, 14 млн. теңге несиеге шөп тайлағыш, оның шөп орғышын, тырмасын алдық. Соның арқасында ешкімге тәуелді емеспіз. Малға қажетті шөпті өзіміз әзірлеудеміз. Одан бөтен күріш егумен де айналысып жатырмыз. Оған да мемлекеттік қолдау бар. Жалпы, бизнесті бастау үшін оның негізін, экономикалық тиімділігін түсіну керек, – дейді «Игілік-Береке» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Рашид Ысқақов.
Мал тұқымын асылдандырумен оны бордақылаумен айналысатын кәсіпкердің ендігі жоспары – құс шаруашылығын қолға алу. Ол үшін жер дайындап, қорасын да салып қойды. Енді қажетті құрал-саймандарын алып, іске қосу, мал соятын алаң ашу да жоспарлап отыр.