МАЛ – БАҚҚАНҒА БІТЕДІ
Сыр өңірінде қолындағы азын-аулақ малының басын көбейтіп, қожалық ашқандардың қатары арып келеді. Әрине, мұның бәрі мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасы. Солардың бірі – Қазалы ауданы Қ.Пірімов ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Нұрсұлтан Серікұлы Бекжан.
Қашақбай Пірімов атындағы ауылға қарасты «Ақтамшық» учаскесінде орналасқан «Келманов Бекжан» шаруа қожалығы осыдан 3 жыл бұрын құрылыпты. Қожалық негізінен мал басын көбейтумен айналысады. 350 гектар жері бар. Бүгінгі таңда аталған шаруашылықта жылқы мен түйе өсірілуде.
Ата кәсіпті қолға алған жас кәсіпкердің атасы Бекжанның есімі облысқа сейістігімен жақсы таныс. Ол бала кезінен тайға мініп, атқа шапқан. Жылқы малының жағдайын жақсы біледі. Өйткені, қазалылық атбегі Бекжан Өтегенұлы баптаған сәйгүліктер бәйгенің алдын бермей, талай жүлдені алды.
Тұңғыш жаратқан жүйрігі Тордөнен екі жыл бойы Қазалыдағы ат жарыстарында оқ бойы озық келді. Одан кейін де кермеге байлаған күліктері көп алдында абыройлы болды. Атбегінің «Наурыз» атты жүйрігі Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай өткен аламанда дара келіп, иесіне темір тұлпар мінгізді. Аймақта өткен ат жарыстарының алдын бермейтін тұлпарларды баптаған Бекжан ағаның «Ақбақай», «Құлагер», «Құралай», «Көркем» есімді жүйріктері де жүлдесіз қалған емес.
Бала күнінен жылқының жалын тартып мінген Нұрсұлтан да атасы Бекжан мен әкесі Серіктің қасында жүріп, талай нәрсенің сырын ұқты. Мектеп бітірген соң теміржолшы мамандығын меңгергенімен жылқы жануарына деген құмарлығы оны ауылға қарай тартып тұратын. Ойлана келе жас жігіт кәсіп ашып, жылқы басын көбейтуді мақсат етті. Қазір кәсіпкерліктің қыр-сырын терең меңгеру үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, арнайы сертификат иеленді. Енді мемлекет тарапынан берілетін несиеге құжат дайындауда.
«Қожалықта көкем отбасымен тұрады. Ол жаққа мен де жиі барамын. Жылқымен қатар бірнеше бас түйе бар. Бұл біздің атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсібіміз. «Мал – баққанға бітеді» деген сөздің жаны бар. Түліктер де бапты, күтімді, жағдай жасағанды қалайды. Сондықтан олардың жем-шөбінің құнарлылығы мен сапалық жағына аса мән береміз.
Жылқы мен түйе мінсең көлігің, ал қымызы мен шұбатының дертке дауа, ауруға ем екендігі өз алдына. Жиі болмағанымен аратұра қымыз, шұбат әкеліп, аудан орталығына өткіземіз. Келешекке құрған жоспарым көп. Оның сәтті жүзеге асуына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен қаржылай көмек септігін тигізеріне сенемін», - дейді Н.Серікұлы.
Ұ.ТАЛАПБАЕВА,
Қазалы ауданы