ҚАЗАЛЫДАҒЫ СӘНДІ МЕТАЛЛ БҰЙЫМДАРЫ ЦЕХЫ
Қай заманда да металл өндірісіне деген адам баласына қажеттілігі төмендеген емес. Бір кездері ұсталықты өнер еткен аталарымыз айналасындағы жұртты тұрмыстық бұйымдармен өздері-ақ қамтамасыз етіп отырған.
Мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көрген қазалылық кәсіпкер Гүлзия Омар осыдан үш жыл бұрын темір бұйымдары цехын ашып, есік, дарбаза және басқа да сәнді металл бұйымдарын әзірлеуде. Осылайша, кәсібін сүйген келіншек өңірдің гүлденіп өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына мұрындық болып, іскерлігін дәлелдеуде.
Қазалы ауданы – кәсіпкерлік саласы қанат жайған ауданның бірі. Аудан орталығы Әйтеке би кентінде темірден сәнді бұйымдар жасайтын цех жұмысына аудан тұрғындары дән риза.
Ол бизнесті кешегі өтпелі кезеңде, 1999 жылы бастады. Ауданда алғашқылардың бірі болып сұлулық салонын ашты. Бизнестің қыр-сырын меңгерген Гүлзия Жақсылыққызы – кәсібін кеңейтуді осыдан бірнеше жыл бұрын қамдады. Ойлана келе ауданда кенжелеп тұрған темірден түрлі бұйымдар жасау кәсібін қолға алды. Әйтеке би кентіндегі кәсіпкерлікті қолдау орталығына құжаттарын тапсырған Гүлзия Омарға палата қызметкерлері жан-жақты қолдау көрсеткен. Нәтижесінде оның жалпы құны 10 млн теңге тұратын жобасы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы қаржыландырылды.
Бұл кәсіпті бастамас бұрын Гүлзия отбасымен өз үйлері үшін сәнді металл бұйымдарды іздеп, бірақ ауданнан таппайды. Сол сәтте іскер келіншектің көкейіне «неге осындай өндірісті қолға алмасқа?!» деген ой келеді. Алға қойған мақсатының жүзеге асуына Өңірлік инвестициялық орталықтан алған несие көмектеседі. Ресейден қажетті құрал-жабдық сатып алады. Бүгінде цех жұмысшылары темірден есік, түрлі өрнекпен жасалған дарбаза және басқа да сәнді металл бұйымдарын әзірлейді. Цех өнімдері сұранысқа ие. Бастысы, сатып алушылардың көңілінен шығады. Одан бөлек, Гүлзия Омардың 40 адамға арналған кафесі бар. Осылайша ол кенттегі бірнеше ондаған жанды жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, қазір қай салада да бәсекелестік қызып тұрған шақ. Сондықтан өзгелерден оқ бойы озық тұру үшін сапалы өнім мен жоғары деңгейде қызмет көрсету аса маңызды.
Кәсіпкер уақыт ілгері озған сайын өз бизнесін әртараптандырып отыр. «Қазір Қазалы ауданында сәнді темір бұйымдарына тапсырыс берушілер қатары артуда. Бастапқыда «Жобам қолдау таба ма? Қаржыландыру жағы қалай болады?», – деп қобалжығанмын. Кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандары күмәнімді сейілтті. Шүкір, қазір тапсырыс берушілер де жеткілікті. Цехта 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Бизнесте ең бастысы – шыдамдылық, табандылық пен еңбекқорлық», - дейді іскер жан.