ОБЛЫС БОЙЫНША 6 ИНТЕРНЕТ ДҮКЕН ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА РЕЖИМІН ҚОЛДАНАДЫ
Электронды сауда режимін қолданушылар табыс салығынан босатылған және бұл жеңілдікті 2023 жылға дейін пайдалана алады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Салық кодексі электронды алаңда сауда жасайтын кәсіпкерлер үшін жеңілдік ұсынды. Интернет дүкендер арқылы сауда жүргізетін заңды тұлғалар корпоративті табыс салығынан, ал дара кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылады.
Электронды алаңда сауда жасайтындар табыс салығынан жеңілдікті алу үшін үш шартты сақтауы тиіс: біріншіден, есеп айырысу қолма қол төлемсіз жүргізіледі; екіншіден, сатып алушымен келісім онлайн тәртіпте жасалуы керек; үшінші шарт – кәсіпкердің тауарды тасымалдауға, салып жіберуге және жеткізіп беруге құзыретті өз қызметі болуы керек немесе осындай қызметті жүзеге асыратын тұлға мен келісім шарты болуы керек.
Бұл талаптар кәсіпкерге интернет алаңында өз бизнесін заңды жүргізуге мүмкіндік бере отырып, сатып алушының да мүддесін қорғайды.
Ендігі бір маңызды талап – жеке тұлғалармен жасалған электрондық саудадан тапқан табысы жылдық жиынтық табыстың 90 пайызынан кем болмауы керек.
Электронды саудамен айналысатын тұлға жекелеген қызмет түрін, яғни тауарлармен электрондық сауда қызметін бастағаны туралы, қызметін жүзеге асырудан үш жұмыс күнінен кешіктірмей, хабарлама ұсыну арқылы өз кәсібін тіркетуі тиіс.
М.САНСЫЗБАЕВА,
Қызылорда облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің
бас маманы