КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ – ТҰРАҚТЫ ДАМУ КЕПІЛІ
Кәсіпкерлік – ел экономикасының қарыштап дамуының басты саласының бірі. Елімізде түрлі бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несиелер тағайындалып, жан-жақты қолдаудың арқасында кәсіпкерлік дамып келеді.
Еңбек етіп, өз кәсібін дамытқысы келетін кез-келген азаматтың қолтығынан демеуге, аяғынан тік тұрып кеткенше қолдау көрсетуге мемлекет қашан да әзір. Қазіргі таңда елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің керегесі күн санап кеңейіп, табыс мөлшері де артып келеді.
Осы шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет тарапынан ықпал ету қолға алынып, жұмыссыздықты жою, жалақы мен зейнетақыны уақытылы төлеу, нарықты халыққа қажетті сапалы тауарлармен толтыру, сапалы қызметтер көрсету бойынша тиімді жұмыстар атқарылып келеді. Кәсіпкерлік – экономиканың ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі.
Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру осы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесінде болуы тиіс. Осы саланың дамуын одан әрі арттыру және әкімшілік кедергілерді мейлінше азайту мақсатында Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылдың 24 мамырында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойып, аталған Заң қабылданды. Заң 2018 жылғы 8 маусымнан бастап күшіне еніп, осы кәсіпкерлікке байланысты көптеген нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілд
Аталған Заң бойынша 2018 жылғы 14 маусымда Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша мәжіліс өткізіліп, талқылау жүргізілді.
Соңғы өзгерістерге сай, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы қатынастар бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілетін тексерулер мейлінше азайтылып, бақылау субъектісіне бару арқылы және бармай профилактикалық бақылау жасау ұғымдары енгізілген. Бұл мемлекеттік бақылау және қадағалау қорытындылары бойынша кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік шаралар көрілмей, айыппұлдар салу қолданылмай, бұзушылықтар анықталған жағдайда оны жою туралы нұсқама беру арқылы заңнамалар талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізу мерзімдері қысқартылып, бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу мерзімі 15 күн, микрокрокәсіпкерлік субъектілеріне 5 және жоспардан тыс тексерулер мерзімі 10 күнге дейін азайтылған. Ал кейбір тексерулер 5 күннен 4 сағатқа дейін қысқартылған. Бару арқылы жүргізілетін профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізу субъектілерін анықтау үшін, тәуекел дәрежесі өлшемшарттары анықталып, бағалау критерийлері және тексеру парақтары қайта қабылданатын болады. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы қатынастар бойынша басқа да маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Осы заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар елімізде кәсіпкерліктің дамуына оң серпін беріп, әрбір іскер қазақстандықтың, шағын және орта бизнес өкілдерінің экономикадағы өз орнын тауып, табысты жұмыс атқаруы және ел экономиканың алға қарай дамуына елеулі үлес қосылып, оң өзгерістерге жол ашылады.
Б.ПАШЕНОВ,
Техникалық реттеу және метрология комитетінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің
бас маманы