«СЕРПІН» СЕНІМДІ АҚТАДЫ
Елімізде «Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы 2014 жылдан бастау алғаны мәлім. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының мектеп бітіруші түлектеріне солтүстіктегі оқу орындарында тегін жоғары және арнаулы білім алуға үлкен мүмкіндік жасалды. Алғашқы кезде оған 2000-нан аса грант бөлінсе, кейін келе теріскейге білім іздеп келген жастардың саны еселеп артты.
Елбасы тапсырмасының басым тұсы – оңтүстік жастарының тегін білім алып, солтүстік аймақта жұмысқа орналасуға септігін тигізу. Айталық, жобаның экономикалық тиімділігі басты назарда. Мәселен, республиканың 9 өңірінде бала туу деңгейінің төмендеуі және өзге өңірге көшуі артуына байланысты маман тапшылығы сезілуде.
«Серпін – 2050» жобасымен сол аймақтарға халық саны көп облыстан жастарды тарту, жергілікті оқу орындарында керекті мамандық бойынша оқытып, сонда жұмысқа қалдыру арқылы мәселенің түйінін тарқатуды көздейді.
Келесісі – әлеуметтік мәселені шешуге бағытталған. Еліміздің 5 облысында бала туу қарқыны жоғары, соған сәйкес жергілікті тұрғындар саны да өсе түсуде. Жылдан-жылға аталған өңірлердегі бітірушілердің тұрғылықты жердегі оқу орындарына түсуі қиындап, мамандық алғаннан соң жастардың көпшілігі жұмыссыз қалады. «Серпінге» арнайы грант бөлінумен қатар, студенттерге әлеуметтік жәрдемдер де қарастырылады. Әсіресе, өздері оқыған өңірге қоныстанған жағдайда жұмысқа орналасуға толық мүмкіндік бар.
Қармақшы аудандық білім бөлімінің әдіскері Т.Әбенованың айтуынша, осындай мүмкіндікті аудан жастар да тиімді пайдалануда. Өткен және биылғы оқу жылында «Серпін» бағдарламасымен Қармақшы ауданы бойынша 42 студент бітірді. Олар Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеттерінде, сондай-ақ, Павлодар бизнес, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледждерінде білім алғанын және «Серпіннің» сенімнен шыққанын айтады.
– Осыдан төрт жыл бұрын Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектептен барып, Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы педагогикалық университетінің «Математика-информатика» факультетінің студенті атандым. Биыл осы оқу орнын математика-информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Солтүстікте жүрек қалауыммен қалуды жоспарлап отырмын.
Маған Ә.Досмұханбетов атындағы облыстық дарынды балалардың мамандандырылған гимназия-интернатына пән мұғалімі ретінде жолдама берілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында студенттерге жақсы жағдай жасалған. Сырттан келгендер жатақханамен қамтамасыз етіледі. Ондағы тәртіп те көңілден шығады. Қазір жастарға белгілі мамандық алғаннан кейінгісі жұмыс табу. Егер мемлекет жастарды қолдап жатса, неге ондай мүмкіндікті біз секілді жастарға пайдаланбасқа, – дейді №109 орта мектеп түлегі қармақшылық Ләйла Сәдуақасова.
Айта кету керек, Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылындағы биылғы 15 мектеп бітіруші түлектің барлығы «Серпін» мемлекеттік бағдарламасын таңдауда.
Алғашқы серпіндіктердің бірі – №183 орта мектеп түлегі Ердәулет Қыдырбаев. М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол жұмыссыз қалмайтынына сенімді.
Өйткені, математика – қазіргі кездегі сұранысы жоғары мамандықтар қатарынан.