6 АЙДА 455 КӘСІПКЕРЛІК СУБЬЕКТІСІ ТІРКЕЛГЕН
Жаңақорған аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың 1 шілдесіне тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 3753-ті құраған. Оның 254-і заңды тұлға, 1327-і шаруа қожалығы, 2172-і жеке кәсіпкерлер. Ондағы белсенді субъектілер саны 3575 бірлікке, ал жұмыспен қамтылған адамдар саны 9235 адамға жеткен. Жалпы, биылғы жылдың алты айында 455 бірлік шағын кәсіпкерлік субьектілері тіркелген. Ендігі кезекте, нақты көрсеткіштерді тарқата айтсақ.
Біріншіден, бүгінде жер асты қойнауы қазба байлықтарға толы Сыр елінің келешегі кемелденіп, индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жоспарлы жұмыс қарқын алуда. Әрине, бұл тұрғыда Жаңақорғанның жер асты байлығы пайдалы қазбаға мол екені айқын.
Осы тұста ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру 2018 жылдың 1 шілдесіне 38282,9 млн. теңге болып нақты көлем индексінің өсімі 93,4 пайызды құраған. Ал өңдеу өнеркәсібін өнімдерін өндіру 2018 жылдың 1 шілдесіне 20504,6 млн. теңге болып нақты көлем индексінің өсімі 94,5 пайызды құрады.
Жалпы, өнеркәсіп бойынша тұтас нәтижелерді қалыптастыруға өңдеу өнеркәсібі мен кен өндірісі саласы елеулі ықпал етіп отыр. Олардың аудандық өндіріс көлеміндегі үлесі сәйкесінше 53,5 және 44,0 пайыз.
Айта кету керек, біздің аудан табиғи қазба байлықтары уран, әктас және полиметалл кендерінің молдығымен ерекшеленеді. Оған қоса, облыста жол құрылысына қажетті шағыл тас пен құмды қиыршық тасты Жаңақорған ауданы аумағындағы карьерлерде өндірілуде. Бұл бағытта кен өндірумен 9 мекеме, қалған 20 орта және шағын өнеркәсіп кәсіпорындары табиғи қазба байлықтарды өндіруде.
Екіншіден, «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту, Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына сәйкес ауданда үстіміздегі жылы 250 жоба бойынша несие алу жұмысы жоспарланған. Бұл жөнінде бізге аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Диас Фейзулдаевтан білдік. Оның айтуынша, аталмыш бағдарламаның ІІ-бағыты «Бастау Бизнес» жобасына 92 адам оқып, сертификатын алса, «Бизнес-кеңесші» жобасына биылғы жылы барлығы 129 адам оқытылған.
– Бүгінгі таңда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының ұсынысымен 1029,5 млн теңгенің 221 жобасы несиелендіру үшін «Қызылорда «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы ұйымына ұсынылды. Осының ішінен 255,5 млн теңгенің 86 жобасы мақұлданып ішінара қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне 176 млн теңгенің 56 жобасы бойынша несие алынып, жұмыс жүргізілуде, – деді Диас Фейзулдаев.
Үшіншіден, ағымдағы жылы «Бизнестің жол қартасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 40,0 млн. теңге болатын 2-жоба несиемен қаржыландырылған. Сала басшысының міндетін атқарушы Диас фейзулдаевтың айтуынша, бүгінгі таңда одан басқа 5-жобаның құжаттары екінші деңгейлі банктерде қаралып жатыр екен.
Төртіншіден, «Бизнестің жол қартасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік гранттар беруге байланысты үстіміздегі жылы ауданнан 75 жоба ұсынылған. Осы жобалардың ішінен құны 21 миллион 127 мың теңгені құрайтын 19 жоба грантты жеңіп алған. Алдағы облыстық комиссияның шешімімен жеңімпаз грант иелері қомақты қаржыға қол жеткізу арқылы, кәсіптерін бастайтын болады.
Иә, бұл Жаңақорған ауданының кәсіпкерлік саласының 6 айында атқарған шаруасы. Алдағы уақытта бұданда биік белестерді бағындырып, өңірдегі көш басшылық көрсеткішті сақтап қалады деген сенім мол. Ең бастысы – халықты жұмыспен қамту мәселесін кәсіпкерлікті дамыту, оқыту және басқа да белсенді шаралар арқылы шешуге ықпал ете отырып, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды пайдалы еңбекпен барлық мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қамтамасыз етуге ілкімді істерді жалғастырса игі.