ТАЛЬГОМЕН ҚЫЗЫЛОРДАДАН АСТАНАҒА БИЛЕТСІЗ ҚАТЫНАУ АРЗАНҒА ТҮСЕДІ
Жазғы мезгілде Қызылордадан Астана, Алматы қалалары түгілі, жақын жердегі Шымкент қаласына билет сатып алу шын мәнінде үлкен проблема. Өкініштісі, бұл, жыл сайын қайталанатын вокзалдағы «үйреншікті» жағдай.
Аталған жағдайды зерттеуді және жолсеріктердің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жан-жақты саралауды мақсат еткен Қызылорда облысындағы арнайы мониторингтік топ мүшелері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің қатысуымен «Жасырын сатып алушы» тәсілі бойынша темір жол вокзалында мониторинг жұмыстарын жүргізіп, бірқатар жайттарға тап болған.
Мониторинг барысында, жолаушылар пойызына билетсіз мінгізуді кәсіп еткен вокзалдағы заңсыз «делдалдар» (помогайка) Астана қаласына дейін «Тальго» (090Т) пойызына 20 мың теңгеге ешқандай уайымсыз, билеті бар адамдар сияқты орын ауыстырмай жетуге болатынын айтса, №056Х нөмірлі «Қызылорда – Көкшетау» пойызына 15 мың теңгеге келісіп, мінгізе алатындығын жеткізген.
Заңсыз «делдалдардың» «Тальго» пойызына ұсынған бағасы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ белгілеген ресми бағадан (29777 теңге) едәуір төмен екендігі анықталған. Олардың («делдалдардың») айтуынша, егер бағаны 20 мың теңгеден көтерсе, адамдар мінбейді дейді.
Билетсіз пойызға отырғызуға машықтанған «кәсіп иелерінің» айтуынша, жолаушылар пойызының кез-келгенімен келісіп, кез-келген жолаушының ешбір әбіржусіз баратын жеріне жеткізілетініне кепілдік бере алады. Өйткені, вокзалға келіп тоқтайтын жолаушылар пойызының бригадирлерімен қатысы барын және сол бригадирлер белгілеген вагондарға жайғастыратынын да жасырмаған.
Сонымен қатар, арнайы мониторингтік топ мүшелері жолсеріктермен де тікелей сөйлесіп, келісу жүргізіп көрді.
Нәтижесінде, №034Т нөмірлі «Ақтөбе - Алматы» пойызының жолсеріктеріне Шымкент қаласына бір адамды жеткізу үшін 3500 - 5000 теңге қажет екендігі белгілі болды. Ал, егер, вагонда орын болмай қалған жағдайда жолсеріктер өздерінің орындарын беретінін айтқан.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелділіктерін талдайтын арнайы мониторинг топ жетекшісі Анар Ізден «Бұл бір реттік іс-шара емес, алдағы уақытта, аталған жұмыстар өз жалғасын тауып, қосымша хабарланады және осы бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп тұратын болады» деді.