АТА КӘСІП – ҰРПАҚҚА НӘСІП
Ауылдағы ағайын ежелден айналысып келе жатқан мал шаруашылығы бүгінгі таңда жанданып келеді. Күн сайын мал азығын даярлап, қиындығы мен қияметі көп жұмысты тындырып, кәсіп көзіне айналдырғалы көп болды.
Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылының тұрғыны Арысбек Байназаров «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚО ЖШС арқылы 3 млн. теңге қаржы алып, дәл осы күні ет-сүт өнімі бағытында ірі қара малдарын бағып, ұстауда. Қорасында биесі мен сауын сиырын баптап отыр.
Сонымен қатар, ет бағытында ірі қараны байлап, бордақылап, сатылымға шығарады. Алғаш бірер малдың арқасында күнкөріс қамымен кәсібін бастаған ол кейін мал басын көбейтіп, шаруасын түзеп келеді.
Ата кәсіпті меңгерген Арысбектің әкесі Жұманияз ақсақал да бақташылықпен айналысқан. Өздері көп ағайынды. Ағасы Сапарбек те ес білгелі ата кәсіпті алға сүйреуге табанды еңбек етіп келеді. Алдағы уақытта Арысбек ет-сүт өнімдерін молайтуға ниетті.
Күн сайын ауыл тұрғындары сүт өнімдеріне сұраныс көлемін арттыруда. Бұл дегеніміз келешек отбасылық кәсіптің аяққа тұруына бірден-бір себепші екені анық. Біз барғанымызда Арысбектың әйелі Ақгүл биесін сауып болып, саумал ішуге келгендерге таратып жатыр екен. Бұл күнделікті үйреншікті жағдай. Екі-үш сағат сайын сауылатын саумалды ішуге кейбір тұрғындар кезекке тұрып, сол жерде бірден ішсе, енді біреулері үйлеріне алып кетуге дағдыланған. Ерлі-зайыптылардың перзенттері қазіргі таңда қолғабыс етуге жараған. Үлкені студент, кейінгілері мектеп қабырғасында.
Өз кезегінде жеке кәсіпкер Арысбек Жұманиязұлы аталған несиені алған мезетте дұрыс бағыт ұсынған кәсіпкерлік палатасы мен сала мамандарына алғысын білдіріп жатты. Себебі, он жылға жуық отбасында жұмыссыз болған азамат кәсібін ашқан бойда еңсесін тіктей бастапты.
Ендігі жерде шағын кәсібін үлкейтуге бар күш-жігерін салып, алға қойған мақсатқа жетуге талпына бермек. Оған себеп, атадан дарыған қасиетті адал кәсіппен ұштастыру.