ШЕТЕЛДІК ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ТИІМДІ ТҰСЫ
Қазіргі қарыштап дамыған заманда «смарт» ұғымы сөздік қорға енді. Жаһан жұрты жаппай осы озық технологияға ұмтылуда. Сан салаға «смарт» ұғымын енгізіп, қырағылық пен шапшаңдыққа бейім қоғамды қалыптастыруда. Бұлда болса, бүгінгідей ғарыштық жылдамдықпен дамыған дәуірдің басты талабы. Көшке ілесу керек. Мемлекеттің де межесі сол. Елбасы Жолдауында қоғамның барлық саласын цифрландыру, заманауи техниканы ендіру жайы кеңінен айтылды.
Тұтастай төртінші жаңа буынға қадам басудың басты он тетігі аталды. Әсіресе, агроөнеркәсіп кешеніне «ақылды технологияны» енгізу мәселесі күн тәртібінде. Яғни, бағдарламалық құнды құжатта айтылғандай, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдау, «ақылды суару», жүргізушісі жоқ техниканы пайдаланып, адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретіні белгілі. Мәселен, табиғиклиматтық жағдайы теріскейдегі Кереку өңірінен де қатал болып табылатын Аустралияда астық дақылдарының өнімділігі бізге қарағанда 2 есе жоғары. Ал үйеңкі жапырақты Канада да өсімдік шаруашылығының өнімділігі бізден 14 есе артық. Оған қоса, жер аумағы Қазақстаннан 66 есе кіші Голландияда ауылшаруашылық өнімінің жыл сайынғы экспорты 100 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл дегеніміз бізден 50 есе көп деген сөз. Әрине шетелдік шаруалар егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдау, «ақылды суару» технологиясын өндіріске енгізген. Соның нәтижесінде өнімді мол алып, аргарлы саланың серпінді дамуына серпіліс беруде. Елімізде бұл бағытта тындырымды жұмыстар жоқ емес. Бар. Бірақ аз. Ресми мәліметке сүйенсек, республика бойынша онға жуық роботталған сүт фермасы бар екен. Олардың барлығы дезинфекциялауға, тұратын қора-жайды тазалауға, үйжайлардағы микроклиматты бақылауға, сиыр сүтінің құрамын анықтауға арналған ең озық технологиямен жабдықталған. Жалпы, Смарт-фермалардың жүзеге асуы; өрістердің электрондық карталары, ауа райы туралы нақты дерек, датчиктер мен сенсорлар, ғарыштық мониторинг жасауға және де малдың мониторингін жүргізуге, төрт түлікті, жылыжайды автономды басқаруға болады. Және де шығындарды онлайн тәртібінде талдауға мүмкіндік береді.
Түйіндей айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін дамытуға даңғыл жол ашады. Себебі бүгінгі заман – жаңалықты һәм жаңашылдықты талап етеді. Инновациялық жобаларды игілігіңе икемдей білсең, олда бір жетістік. Келешек сандық технологияның дәуірі. Оған бейімделу – бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Сондықтан да ауылшаруашылығы саласында тың технологияларды тұтыну бұл өнімділік пен уақыт тиімділігін арттырары айқын.