ЦИФРЛАНДЫРУ – ЖАҢА ДӘУІРГЕ ҚАДАМ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиында күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер қаралып, атқарылған жұмыстар сараланды.
Алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова салада атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталып, биыл Сыр түлектері биіктен көрінгенін айтты. Басқарма басшысының айтуынша, ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары деңгейден Қызылорда қаласы көрінген.
Балалардың білім деңгейі орташа 85,82 балл құрап (өткен жылы 82,4 балл) отыр. Ең жоғары 135 баллды Қазалы ауданының N249 мектеп-лицейінің түлегі Еркін Рат және Қызылорда қаласының N15 мектеп-лицей түлегі Абылай Жалғасбай иеленді. Мәліметтерге көз жүгіртсек, 1131 түлек 100 және одан жоғары балл жинаған болса, 113 түлек шекті деңгейден өте алмаған.
– Білім – болашаққа бағытталған инвестиция. Елдің ертеңгі тізгінін қолға алар жастардың қажетті білім алуы үшін мемлекет тарапынан бар жағдай жасалуда. Осы қолдау нәтижесінде Сыр жастары халықаралық, республикалық білім додаларында топ жарып жүр. ҰБТ нәтижесі де былтырғыдан жоғары.
Оның ішінде N4 облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының түлектері орташа 103,2 балл, N10 Білім инновация лицейі 100,3 балл, N9 Білім инновация лицейі 95,5 балл жинады.
Ал, аудандар арасында Жалағаш көш бастады. Дегенмен, шекті деңгейден аса алмағандар жоқ емес. Оларға осы жылдың тамыз айында және 2019 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Сонымен бірге, Қазанның «Иннополис» университетімен қызылордалық жастарды оқыту туралы келісім жасалды. Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығымен де ынтымақтастық орнатылуда. Биылдан бастап М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша облыс жастарына магистратурада оқу үшін 20 грант бөлінгенін айта кету керек. Бұған қоса, осы шілде айында облыс әкімдігі Астанада ЕвраАзЭС-тің парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университетпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның құрамына 3 институт, 4 факультет, 17 кафедра кіреді, – деді Майра Мелдебекова.
Мұнан кейін кәсіпкерлікті дамыту арқылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Бақытжан Намаев бизнесті дамытуға, оның ішінде стартап жобалар үшін несиелік ресурстарға қолжетімділік айтарлықтай жеңіл-детілгенін айтты.
Нақты кезеңде облысымызда кәсіпкерлік қанатын кеңге жайып келеді. Бүгінде кәсіпкерлік субьектілері 11%-ке көбейіп, аталған көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы аймақтар арасында көш бастап тұр.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде облыста 30 млрд теңгеден астам қаржыға 73 жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласындағы мобильдік қосымшалар мен «Open kasipker» сайты, ауыл шаруашылығы өнімдері туралы толық ақпарат алуға болатын «Агробиржа» жобасы және электронды билет беру жүйесі мен аялдамаларға ақпараттық таблолар орнату бойынша пилоттық жоба басталған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес, әр жылда инновациялық грант та ұсынылады.
Бұл жоғарыда аталған басқарма тарапынан ұйымдастырылады. Халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін бұл жұмыстар алдағы уақытта қарқынды жалғасады.
Заманауи технологияның көмегімен қызмет сапасын жақсартып, оны электрондық форматқа ауыстыру да тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқарып, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Боранбаева тарқатып айтты.
– Цифрландыру – жаңа дәуірге қадам. Бүгінде денсаулық сақтау саласындағы облыстың барлық медициналық ұйым¬дары кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне қосылған. Жыл соңына дейін облыстың интернет пайдаланушы тұрғындарының 30%-ін мобильді қосымшамен қамту жоспарланып отыр. Пациенттерді қабылдау «Дамумед» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Биылғы 1 шілдеден бастап медициналық ұйымдарды «Қағазсыз құжатайналымға» көшіру бойынша жұмыстар басталды. Осылайша, жыл аяғына дейін 62 құжат электронды форматқа ауыстырылады, – деді Б.Боранбаева.
Келесі кезекте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов аймақта құрылыс саласындағы отандық тауар өндірушілердің тізілімін тұрақты түрде жаңартып, оларды қолдау туралы ұсынысын жеткізді.
Басқосуды қорытындылаған облыс басшысы бизнесті өркендету жолындағы жұмыс барысы қатаң бақылауда болатынын еске салды. Әсіресе, жұмыссыз және өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтыған халықтың басындағы мәселені шешудің маңызын ерекше атап өтті.
Соңында аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.