ҚР ИДМ «ЭЙР АСТАНАДАН» ЖҮКСІЗ ТАРИФТЫ АЛЫП ТАСТАУДЫ ТАЛАП ЕТУДЕ
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «Эйр Астана» АҚ енгізген жүксіз тарифке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең алдымен, 1994 жылдың 21 қыркүйегінде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы транспорт туралы» ҚР Заңының 13-бабына сәйкес, әуе тасымалында, қалалық және қала маңы автобустық тасымалдарында қол жүгі мен 20 келіден аспайтын жүкті тегін тасымалдау белгіленгенін атап өткім келеді. Әуе кемесінің салонына кіргізілетін қол жүгінің жалпы салмағы мен оның өлшемін тасымалдаушы белгілейді», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі редакцияның жазбаша жолдаған сауалына.
Сондай-ақ, ҚР ИДМ осы талаптардың 2015 жылдың 30 сәуірінде қабылданған ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің № 540 бұйрығымен бекітілген Әуе көлігінде жолаушылар және жүк тасымалдау ережелерінің 59 тармағында жазылғанын еске салды.
«Биыл мамырдан бастап «Эйр Астана» АҚ «Базалық» атты жаңа тариф енгізіп, Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев қалаларынан басқа ТМД бойынша барлық бағыттарға жолаушылардың тегін (салмағы 20 келіден аспайтын) жүк тасымалдау құқығын шектеді.
Соның салдарынан жолаушылар тарапынан шағымдар түсті. Комитет «Эйр Астана» АҚ-ға қазіргі қолданыстағы ҚР заңнамасына сәйкес жүк тасымалдау шарттарын жедел қалпына келтіруді талап етіп, бұйрық жіберді», - деп атап өтті министрліктен.