ӨСИЕТКЕ АХМЕТТЕЙ АДАЛ БОЛСАҚ
Қазақтың тіл білімін, төл жазуын қалыптастырған ғалым Ахмет Байтұрсынов өте күрделі де тағылымды тағдыр иесі. Әкесі Байтұрсын ояз бастығы, полковник Яковлевтің елге салған ылаңына шыдамай басын жарғаны үшін екі інісімен бірге 1885 жылы 25 жылға Сібірге айдалады. Сотта тіл білмегендіктерінен қорғана алмайды. Кетіп бара жатып баласы Ахметке: «Балам, аш болсаң да, жалаңаш қалсаң да, оқы» деп әрі өкінішін, әрі өсиетін айтады.
Ахмет әуелі Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде, одан Орынборда оқиды. Сол кездегі заман ағымынан орысшылдық пен отаршылдықтың белең алып бара жатқанына көз жеткізеді. Өзімен қатар оқығандар тілмаш болып, болыс болып, қалай да пайда табуға, билікке жетуге ұмтылады. Ахмет олармен бітіспейді. Талан-таражға түскен жер мәселесін, ұлттық таным негізінде жүргізілмейтін білім мәселесін қозғап, Ресей министрлігіне петиция жазады. Осы жолда жүріп, 1907 жылы алғаш рет сотталады. Мұнан кейін де бірнеше рет қуғындалып, 1929-1931 жылдары Мәскеу Бутыркасында отырады. Кейін ол жерден Горькийдің зайыбы Е.Пешкованың көмегімен босанып шығып, 1937 жылғы зобалаңда ақыры ату жазасына кесіледі.
Оны қуғынға салғандар өз жанында жүргендер еді. Ахметтің бұл жайында:
«Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес, дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен,
Өз аулымның иттерінің қапқаны», - дейтін өлеңі бар. Ахметтің көптеген өлеңдері ол ақталмай тұрғанда-ақ елдің аузынан түспей, айтылып жүреді екен. Соның бірі – мынау.
Ахметтің зайыбы Александра Ивановна дейтін орыс қызы болған. Бірде ауыл молдалары: «Ахмет, орыс келіннің аты кім?» – деген кекесін сұрақ қойса керек. Сонда Ахаң:
«Зайыбым Александра Ивановна,
Ризамын құдайдың қиғанына.
Бір кәпірді мұсылман қылған ісім,
Тұрмай ма, он молданың иманына», - деп жауап беріпті.
Әрине, біздің негізгі сөз етпегіміз бұлар емес еді, бірақ Ахаңның аты аталып, ойға түскен бұл жайттардан да аттап кете алмадық.
Бүгінгі күні көп әріптестеріміз – теледидар, газет журналистері өздерінің негізгі міндетін ақпарат беру деп есептеп, сөз бен сөйлемнің құрылымына, оқылымына, айтылымына аса мән бермейтін болып бара жатыр. Наубайшының негізгі шикізаты ұн мен су, құрылысшының негізгі құралы кірпіш пен балшық екені анық, сол сияқты журналистің негізгі қаруы ақпарат емес, сол ақпаратты жеткізетін сөз екенін ұмытып кетеміз.
Мәселен, «Бұл жайлы жиын үстінде ол өз ойын бөлісті» деген сөзге мән берсек, осы жерде біріншіден сөйлем, екіншіден ой жүйесі дұрыс емес. Дұрысы – «Пәленше бұл жайындағы ойын жиын үстінде айтып берді». Кейінгі жас әріптестеріміз осы бір «бөлісу» деген сөзге үйір болып алған. Олардың кейіпкерлері тәжірибесін, ойын, әсерін әмісе бөлісіп жүрген бір мырзалар. Бұрынырақта «бөлісу» сөзі «қуанышты бөлісу», «пышақ үстінен бөлісу» мағынасында ғана кездесетін. Қазір ол екі сөздің біріне тіркесіп жүр. Шындығында осы сөзді кейінгі буын әріптестеріміз қалыптастырды. Телеарна хабарларында айтылып, газетте көрініп қалатын тағы бір мысал: «Сен ауылға келесің бе?» «Келемін». Осы диалогта сұраушыға «Барамын» деп жауап берілуі керек. Қазақ тіліндегі «Шақ категориясын» еске түсіріңіз. «Барамын» етістігі келер шақ, яғни іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәттен кейін болатынын білдіреді. «Келемін» сөзі ауыспалы осы шақ. Жарайды, бұл ережені ойдан шығып кетті деп есептейік. Логикаға, қазақша айтқанда ой жүйесіне жүгінуге болады ғой. «Келу деген осы жерден, іздеушінің қасынан табылу. Мен ауылға қалайша келе аламын, ауылға барамын ғой». Осылай ойласаңыз, қате жазуға немесе қате сөйлеуге ұрынбайсыз.
Сонымен бірге баспасөз тілінің жұтаң тартып бара жатқанына жанымыз ашиды. Стилі қалыптаспаған, сөзі сүзгіден өткізілмеген мақалалар базбір ақпарат құралдарының ең үлкен мәселесі болып отыр. «Немене стиль деген, кәмпит пе тістелмеген?» деп еді бір әзілқой інім. Сол айтпақшы, біз мәселе көтеруді үйренсек те, сөзді тәттілеп беруге келгенде «сараңбыз».
Егер Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін оқысақ, онда – әсірелеудің, бейнелеудің, бүкпелеудің, кескіндеу, мегзеу, теңеудің не екенін біршама біліп, танып қалар едік.
Осыдан екі-үш жыл бұрын аға буын әріптесім Ж.Ақсақалұлы «Қайта оралшы, Ликбез» деген ойтүрткі жазып, бүгінгі баспасөз беттеріндегі мақалаларды сынға алып еді. Айтса айтқандай-ақ, көбіміз ресми хабарламалардағы цифрды дөңгелектей алмаймыз. Оқырман үшін нақпа-нақ цифр дерегі қажет емес. Мысалы: «29998,0 млн» деп жазған тілші осыны «отыз миллиардқа жуық» деп жазса, ештеңеден қателеспейді. Сондай-ақ, қысқарған сөзге қосымша жалғау да кейінгілерге біраз басқатырғыш болған сияқты. Мәселен, «ҚМУ-нің студенті» немесе «ЖШС-гі» дейтін тіркестерге ұшырасқанда бетімізді басатынымыз рас. Біріншіден, қосымша қысқарған сөздің сол кездегі тұлғасына, соңғы әріптің дыбысына сәйкес жалғанады, яғни, «ҚМУ-дың» деп оқылады. Демек, қысқарған сөзді сөйлем ішінде тарқатып оқудың қажеті жоқ. Егер қосымша сөздің тарқатылған тұлғасына жалғанса, «ЖШС-гі» деген сияқты жағымсыздық туады.
Осылар сияқты «қор» жалғауының да түбірдің жуан, жіңішкелігіне қарамастан, жағымсыз кейіптегі сөздерге ғана жалғанатынын жақсы түсінуіміз керек. Мысалы «өсімқор», «бәлеқор», «парақор» деген сияқты. Ал, біз «еңбекқор кісі» дейміз», дұрысы – «еңбеккер кісі».
Бәрімізге мектептен белгілі, сан есімге көптік жалғауы жалғанбайды деген ережені де ұмытып кеткенбіз. «Жиынға жүзден аса мұғалімдер қатысты», осы сөйлем дұрыс жазылғанда «жиынға жүзден аса мұғалім қатысты» болуы керек. Осы сияқты сөйлемнің бірыңғай мүшелеріне жалғанған көптік жалғау да сөз мағынасын бұзады.
Азғантай сөзбен сабақ үйретуді ойлап отырған жоқпыз, Ахметтің өсиетке адалдығына таңғалып отырмыз. Әкесі «аш болсаң да, жалаңаш қалсаң да, оқы» деп еді, бүгінгілерге де, келер ұрпаққа да азық болар тау¬дай ілім үйіп кетті. Ал, бізге сол қазынаның рахатын көру міндеті ғана қалды. Сіз осы мол қазынаның жауһарына жақыннан көз тоқтаттыңыз ба?
Д.АЯШҰЛЫ,
Қызылорда қаласы