ЖАНЫП ЖАТҚАН ЭЛЕКТР ҚҰРАЛДАРЫН СУМЕН СӨНДІРМЕҢІЗ
Тұрғын үйдегі өрт әдетте, түн мезгілінде орын алады. Үйдегі өрт көп жағдайда кішкене алаудың пайда болуымен басталады. Міне, сондықтан өзіңізді және отбасыңызды өрттен қорғау үшін әр кеш сайын мынадай қарапайым әрекетті істеу керек: ең алдымен тұрақты жұмыс істеуге арналмаған барлық электр құралдарын тоқ көзінен ажыратыңыз. Барлық газ құрылғыларын да ажырату керек. Сондай-ақ, артыңыздан шала сөнген темекі қалдығы қалмағанына көз жеткізіңіз.
Тұрғын үйде жаңа басталған өрттің белгілерін тану өртті дер кезінде анықтауға және оны жою шараларын қабылдауға көмектеседі. Түтіннің жеңіл иісі болуы, оның бастапқыда білінер – білінбес болуы, одан кейін түтін қоюланып, көзге әсер еуі – бұл өрттің алғашқы анық белгілері. Резеңкеге тән иістің шығуы - бұл электр сымдарының қызғандығын білдіреді. Резеңке иісінің шығуымен қатар жарықтың немесе электр шамдарының сөнуі бұл жартылай жанудың орын алғанын білдіреді. Құбырдағы күлдің жануын оның гүрілдеп жанған дауысынан немесе күлдің смола тәріздес иісі арқылы анықтауға болады.
Өрттің жаңа басталғанын анықтаған сәтте бастысы сабырлы болу керек және бұл туралы қалалық немесе мобильді телефон арқылы 101 немесе бірыңғай кезекші - диспетчерлік қызметтің 112 шұғыл нөмірлеріне қоңырау шалып, өрт сөндіру қызметіне хабарлау қажет. Өрт туралы толық және дұрыс ақпарат беру өрт сөндірушіге ықтимал жағдайды алдын ала болжауға және тиісті шешім қабылдауға, аз уақыт ішінде өртті жою бойынша күш пен құралдарды жұмылдыруға мүмкіндік беретінін есте сақтау қажет.
Өрттің жаңа тұтанып, енді жана бастағанын байқасаңыз, оған су шашып, қалың көрпе, жамылғы жауып немесе топырақ, құм сеуіп, тез сөндіре аласыз. Оттегі өрттің тез өршуіне мүмкіндік береді. Сондықтан жанып жатқан бөлменің терезесін сындыруға, көрші бөлменің есігін ашық қалдыруға болмайды. Қандай жағдай болмасын, жанып тұрған кернеулі электр сымдарын және электр құралдарын сумен сөндірмеңіз. Бұл өміріңізге қауіпті.
Егер сіз өрттің ұлғайып, қауіп төндіретінін, өртті өз күшіңізбен сөндіре алмайтыныңызды сезсеңіз, тез арада өрт шығып жатқан бөлмеден шығыңыз. Мүмкіндігіне қарай өрт шығып жатқан бөлменің есік, терезесін мықтап жабу керек. Есік пен еденнің арасындағы саңылауды ылғал шүберекпен бітеп, газды жабыңыз, электр қуатын ажыртаңыз. Егер үй немесе пәтер түтінге толса, ылғал шүберек арқылы тыныс алып, еденге қарай еңкейіп жүріп қозғалыңыз. Әдетте балалар оттан немесе түтіннен қорыққанда, көзге көріне қоймайтын, оңаша жерлерге, көп жағдайда кереуеттің астына, шкафтың ішіне тығылады және танымайтын дыбысқа шыға қоймайды.
Жанып жатқан үйдің есігін ашпаңыз, егер сіз есіктің жылы болып тұрғанын сезсеңіз, онда есіктің арғы беті жанып жатқанын білдіреді.
Егер шығатын жол жабық болса не істеу керек? Шыққан есікті мықтап жауып, жанып жатқан бөлмеден алысқа қарай қашыңыз. Терезені ашып, көмек сұрап айқайлаңыз, көшеден өтіп бара жатқан адамның назарын аудартуға тырысыңыз. Сіздің айқайлаған даусыңызды ешкім естімей жатса, адамдардың назарын аударту үшін терезеге ашық түсті мата ілуге, қол шам жағуға болады, Сізді көріп немесе дауысыңызды естіп олар көмек шақырады.
Қызылорда облысы ТЖД
«Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ