ИЛЬЯ ИЛЬИН: МЕМЛЕКЕТ СЫЙАҚЫНЫ ҚАЙТАР ДЕСЕ, ҚАЙТАРАМЫН
Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин ОКҚ-да өткен брифингте мемлекеттен алған сыйақылары туралы айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
«Шынымды айтсам, маған берілген көлік, пәтерлер туралы халық асырып, еселеп айтып жүр. Бізге берілген нәрсе берілді. Мемлекет қаржы бөлді, біз алдық. Енді оны қайтар десе, әрине қайтарамын», - дейді ол.
Сондай-ақ экс-чемпион әрбір спортшының күні қалай өтетінін айтып берді.
«Біз, спортшылар Олимпиадада жеңіске жету үшін көп еңбектенеміз. Біз өмірімізді отбасымызбен емес, жаттығулар жасаумен өткіземіз. Жастайымыздан қиыншылыққа төзуді үйрендік. Ал ақшаға қатысты айтар болсам, бізге оны «беріледі» деді. Бірақ біз ол үшін тырысқан жоқпыз. Жаттығу залында теріміз де, қанымыз да, көз жасымыз да төгілді. Біз адал жұмыс істедік. Иә, қазір қиын жағдайға тап болдық. Бірақ сіздер бүгінгі әлем жұртшылығының қандай екенін білесіздер», - деді Ильин.
Спортшы бұл мәселенің халықаралық деңгейде өршіп тұрғанын да жасырмады.
Естеріңізге сала кетейік, халықаралық ауыр атлетика Федерациясының 2016 жылғы 10-тамыздағы шешімімен, Илья Ильин екі жыл мерзімге спорттан шеттетілген болатын. 2018 жылдың 10 маусымында шеттеу уақыты аяқталып, спортшының 2020 жылғы Токио Олимпиадасында өнер көрсете алатыны хабарланған болатын.