СОТТА ІСІ ҚАРАЛДЫ
Естеріңізде болса, осы жылдың мамыр айында мұнай ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топ құрықталған болатын. Бейресми дерек көздеріне сүйенсек, олардың арасында мұнай өндірумен айналысатын мекемелердің жұмысшылары, күзет қызметкерлері және осы салада жүрген кәсіпкерлер де болған көрінеді. Ұрланған мұнайды топ мүшелерінен сатып алып, оны жалған құжат арқылы Қырғыз Республикасына шығарумен айналысқан Қызылорда қаласының тұрғыны да қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы қылмыскердің құқыққа қайшы әрекетіне қамқорлық еткен бұрынғы Қызылорда көлік прокуроры Н.Серікбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын.
Қызылорда қалалық сотының судьясы А.Сайдуллаевтың төрағалығымен өткен сот отырысында Н.Серікбаевқа лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, қылмыстық іске ықпал еткені үшін 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Рақымшылық туралы» заңға сәйкес 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза 2 жылға бас бостандығын шектеу туралы жазаға ауыстырылды. Сондай-ақ, оның өмір бойы мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында жұмыс жасай алмайтыны белгілі болып, шенінен айырылып, қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленетін болды.