ІСІМІЗГЕ СӘТТІЛІК ТІЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қызылордаға сапары барысында Сырдария өзенінің сол жағалауында да болып, құрылысшылармен жүздесті. Елбасы әуелде сол жақ жағалаудың даму жобасымен танысып, облыс және қала басшыларының хабарламаларын тыңдады. Осыдан кейін «Болашақ» университетінің құрылысы жайлы өзін қызықтырған мәселелер бойынша мені әңгімеге тартты.
Нұрсұлтан Әбішұлы маған «мұнда жер асты суы жақын дейді, оның шешімін қалай таптыңдар» деген сауал қойды. Мен ол үшін ғимарат орнын 3 метр тереңдікке дейін қазып, оған Жаңақорғаннан жеткізілген қиыршық таспен толтырылғанын жеткіздім. Оған бір жарым айдай уақыт кетті. Салынған тас қабаты әрбір 25 см сайын катокпен нығыздалып отырды. Содан кейін оның үстіне 2200 шаршы метр алаңда биіктігі 120 см болатын іргетасын көтердік. Іргетас арматурамен мықталды. Енді міне қазір ғимараттың екінші қабаты өріліп жатқанын жеткіздім.
Елбасы Астанада Есілдің сол жақ жағалауы құрылыс басталғанда оның асты саз, құрылыс жүргізуге болмайды деп күдік айтушылар көп болғанын айтты.
– Ал енді қандай қала тұрғызылғанын көріп отырсыздар, – деді.
Мен өз кезегінде бүгінде Астана барлық қалалар бой түзейтін шаһарға айналғанын айттым.
Нұрсұлтан Әбішұлы құрылысшыларға жақсы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, ризашылығын білдіріп, бәрімізге табыс тіледі.
Бақберген ДОСМАНБЕТОВ,
"Болашақ" университетінің ғылыми
жетекшісі, құрылыс инвесторы.