«STOP-TRAFFIC» БАРЫСЫНДА 5 ҚЫЛМЫС АШЫЛДЫ
Қызылорда облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қызылорда қаласының 3 азаматшасын жезөкшелікпен айналысу үшін Түркия мемлекетіне жібермек болған жерінен 1968 және 1990 жылы туылған 2 азаматша құрықталды.
Алматы және Қызылорда қаласының 2 тұрғыны алдын ала сөз байласып, 36, 26 және 22 жастағы азаматшалардың сеніміне кіріп, жақсы табыс табатын жұмысқа орналастыратындықтарына сендіреді. Алайда, сенімдерін теріс мақсатта пайдаланып, Түркия мемлекетіне жезөкшелікпен айналысу үшін жібермек болады. Олардың бұл әрекеті әшкере болып, полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында Алматы қаласының әуежайынан ұсталады.
Қазіргі таңда аталған дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасының 128-бабы 3-бөлігімен (Адам саудасы) тіркеліп, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдіктілер Қызылорда ҚІІБ-нің Уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Атап өту керек, 2017 жылғы 25-27 тамыз аралығында Қызылорда облысы аумағында адам саудасына байланысты қылмыстарды ашу, ескерту, жолын кесу және еңбегін қанау мақсатымен адамдарды ұрлау және бас бостандығынан айыру саласындағы қылмыстарды анықтау мақсатында «Stop-трафик» жедел профилактикалық шарасы жүргізілген болатын.
Шара барысында полиция қызметкерлерімен 5 қылмыстың беті ашылып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабымен (Қоғамдық орында тиісу) көзделген 31 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі