КӘСІПКЕР ТӨЛЕЙТІН АЙЫППҰЛ АЗАЙДЫ
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының кеңесшісі Шыңғыс Қадіров қазалылық кәсіпкердің 430 мың теңгеден астам қаржысын сотта қорғап қала алды. Бұл туралы Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының директоры Ермек Аймаханов айтты.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы қазалылық «Жалаңтөс» ЖШС-нен 518009 теңге тұрақсыздық айыппұлын және 15540 теңге мемлекеттік баж алымын өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінеді.
2016 жылы 29 сәуірде «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы мен «Жалаңтөс» ЖШС арасында суару суын жеткізу жөніндегі қызметтер көрсету келісім шарт жасалады.
Келісім шартқа сәйкес «Қазсушар» мекемесі 2016 жылдың 31 мамырында, 30 маусымында, 31 шілдесінде және 15 тамызында суландыру үшін суармалы суды жеткізу жөніндегі қызмет көрсету актілеріне сәйкес кәсіпкерге 31620000 текше метр су жеткізіп, жалпы көлемі 10553492 теңгеге қызмет көрсеткен және сай шот-фактура ұсынған.
Өзара жасасқан шарт бойынша көрсетілген қызмет ақысы шоттары кәсіпкерге берілген күннен кейін 10 күн мерзімде төленуі қажет.
Алайда кәсіпкер көрсетілген мерзімнен сәл кештеу, бірақ толық аударады. Алайда «Қазсушар» мекемесі жасалған шартта көрсетілген тармақты негізге ала отырып, тұрақсыздық айып сомасын есептеп, кәсіпкерге 518009 теңге төлеуді талап етіпті.
Сотта «Жалаңтөс» ЖШС атынан қатысқан Кәсіпкерлер палатасы Қазалы аудандық филиалының кеңесшісі Шыңғыс Қадіров кәсіпкердің қызмет ақысын төлеуден жалтармағанын, тек қаржылық қиындықтарға байланысты, яғни мамыр-тамыз айларында салыққа, еңбек ақыға, жанар-жағар майға, қосалқы бөлшектерге, электр энергиясына, банк шығындарына, тыңайтқыштарға шығыстары болғанын, сондықтан көрсетілген қызметке ақыны кешіктіріп төлегендігін алға тартып, дәлелдеме құжаттарын көрсете отырып, тұрақсыздық айыппұлының көлемін азайтуды сұрады.
Сот талап қоюшыға залал келмегенін, жауапкердің ауылшаруашылығымен, яғни егін егумен айналасатынын, сондықтан негізінен қаржылай кірістер күз айында болғанын, сондай-ақ қызмет ақы бойынша төлемдерді осы күнде толық төлегенін, кешіктіру мерзімі тым ұзақ емес екенін ескеріп, тұрақсыздық айып сомасын 518009 теңгеден, 100000 теңгеге дейін, мемлекеттік баж алымын 15540 теңгеден 3000 теңгеге төмендету туралы шешім қабылдап, кәсіпкерден 103 мың теңге өндіру туралы шешім шығарды.
Нәтижесінде қазалылық кәсіпкер 430 мың теңгеден астам қаржысын үнемдеп кала алды.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі