ТӨРТ КҮН БҰРЫН ЖОҒАЛҒАН ОҚУШЫ ҚЫЗ ТАБЫЛДЫ
Ақтөбеде 4 күн бұрын жоғалған сегізінші сынып оқушысы табылды, - деп хабарлайды Timeskz-ке сілтеме жасаған Tengrinews.kz. Ақтөбе әкімдігіне қарасты кәмелетке толмағандар және олардың құқығын қорғау істері жөніндегі комиссияның хатшысы Ботагөз Бисенованың айтуынша, қыздың ата-анасы бар, ақтөбелік мектепте 8-сыныпта оқиды. Ол тамызда 15 жасқа толады. "Қыз үш мәрте үйінен қашып кеткен. Бірінші кеткенінде ешкімге ештеңе айтпай, кешке келген. Екінші рет кеткенде бір тәулік бойы жоғалған. Таяуда қыз шешесімен жанжалдасып, "Мегада" жүрген, бөтен үйдің кіреберісінде түнеген, қайтып келсе, ұрыс естимін деп қорыққан, ал кейін сабағына бармаған. Таңертең үйіне оралған. Ал үшінші кеткенінде төрт күн жоғалған, ол Хромтау ауданы орталығында табылды", - деп әңгімеледі Бисенова. Оның айтуынша, сегізінші сынып оқушысы әлеуметтік желілерде ересек адамдармен достасқан. Солардың бірінің көлігіне отырып, Хромтауға кетіп қалыпты. "Жолда көлік ішінде оны пәктігінен айырған, - дейді Бисенова. - Жігіт кәмелет жасынан асқан, 19-да. Ол мұның барлығын екі жақтың келісімімен болғанын айтса да, қылмыстық іс қозғалды". Таяуда кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия полицияның нұсқасымен келісіп, іс материалдары ювеналды сотқа жолданыпты.
Енді сот қызды Қызылордадағы девиантты мінез-құлығы бар балалардың арнайы мектебіне жіберу мәселесін қарастырады.