ШИЕЛІЛІК ШЕНЕУНІККЕ ҚАТЫСТЫ СОТ ҮКІМІ ШЫҚТЫ
Шиелі кенті әкімінің аппаратында жер қатынастары заңнамалары талаптарының сақталуына қатысты тексеру жүргізген аудандық прокуратура бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Тексеріс нәтижесінде бас маман Е.Отызбаев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, оған қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлімі 2-тармақшасымен іс қозғалды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Тергеу барысында анықталғандай, Е.Отызбаев басшылық тарапынан бақылау болмауын пайдалана отырып, жеке құрылыс үшін жер учаскелерін алуда көмек көрсетуді желеу етіп, жалған құқық беретін құжаттар жасаған. Осылайша жәбірленушілерден жалпы 1 млн теңге қаржы алған.
Шиелі аудандық сотының үкімімен Е.Отызбаев сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп табылып, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл толуымен байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 4-бабы 2-бөлімін пайдалана отырып, үш жылға бас бостандығынан шектеуге, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасына сотты болды. Осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
Жер қатынастары талаптарының басқа да бұзушылықтары бойынша Шиелі кенті әкімі аппаратына заңдылықты бұзушылықтарды жойып, кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсыныс енгізді.