ЖҰРТТЫ АЛДАП, 20 МЛН. ТЕҢГЕ ЖИҒАН АЛАЯҚ СОТТАЛДЫ
Жалпы оқиғаны таратып айтсақ, ол әуеліде «Арай-2» мөлтек ауданынан салынып жатқан көпқабатты үйлерден 2-бөлмелі пәтер алып беремін деп жәбірленушіден 500000 теңгесін алады. Осыдан кейін қалалық әкімшілікте жұмыс істейтін танысы арқылы көпқабатты үйлерден 2 бөлмелі пәтер алып беремін деп тағы бір тұрғыннан 723000 теңге алған. Сотта алақтың 30 адамнан барлығы 20 млн-нан астам теңгені алдап алып, олардың қаражаттарын қайтармай бас пайдасына жаратқаны анықталды.
Осы қылмыстық іс бойынша Қызылорда қалалық №2 сотының судьясы Д.Әлиев БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
Оның айтуынша сотталушы Қазақстан Республикасы ҚК–нің 190–бабының 3–бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленген, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
–Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының Заңының 2016 жылғы 13 желтоқсандағы № 27-VІ ҚРЗ 4 бабы 1 бөлігі 2 тармағына сәйкес, жаза мерзімінің өтелмеген бөлігінің жартысын қысқартып, түпкілікті мүлкін тәркілеп, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруға, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеу белгіленді, - дейді Д.Әлиев.
Брифинг соңында БАҚ өкілі қылмыстық іс бойынша сауалдар қойып, қойған сауалдары бойынша нақты жауаптарын алды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.